06 сәу, 2020 сағат 09:50

Нұрымбетов: 42 500 теңгеге өтініш бергендер ішінде өмірінде банктен шот ашпаған адамдар бар

42 500 теңгеге өтініш бергендердің ішінде өмірінде ешқашан банкте есепшот ашпаған адамдар бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өтініш берген адамдарға 42 500 теңгені аударуымыз керек, сондықтан өтініш берген кезде есепшотты көрсету керек. Өтініш бергендердің ішінде өмірінде ешқашан есепшот ашпаған адамдар бар. Олар өтініш толтырған кезде есепшотты көрсетуі керек, бірақ олар өтініш жіберіп үлгермей қалмас үшін есепшот ашу мақсатында банктерге жүгініп жатыр. Осыған байланысты 1-2 күнде мынадай өзгеріс енгіземіз: өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Талапқа сай болған жағдайда сізге 42 500 теңге тағайындап, сіз есепшот ашқанша 1 ай күтеміз. Есепшотты ашқаннан кейін сізге төлемді аударамыз. Өтінішіңізді жіберіп қойып, есепшотыңызды асықпай алуға болатын жағдай қарастырып жатырмыз. Бұл 1-2 күнде шешіледі», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. 

Ол банктерге үндеу жасағысы келетінін айтты.

«Барлық банкке айтарым, осындай қиын кезеңде біз секілді халықтың өтінішін бір терезеден – қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын енгізіп, карточкасын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге болады. Қазір Қазпошта да, Халық банкі де сонымен айналысып жатыр. Басқа банктерді де бізбен бірлесіп, халыққа көмектесу мақсатында осындай әрекет жасауға шақырамын», - дейді ол.