17 қар, 2017 сағат 07:56

Омар Жәлел: Біз Құдайға берген уәдемізді ұмыттық

Дін дәстүрдің таразысы әрі негізі саналады. Екеуі - біздің ұлттық болмысымыздың бейнесі. Дегенмен біз осы екі құндылықтың ортасындағы шындықтың ақ-қарасын ажырата алмайтын күйге жеттік. Қазіргі жағдайда еліміздегі діни ахуал күрделеніп, Жаратушы мен адам сенімінің арасындағы мәңгілік байланысқа сызат түскендей. Ол сызат - біздің қорқынышымыз бен үмітіміздің айнасы іспеттес. Осынау дерегі аз, сауалы көп тақырыптардың өзекті боп тұрған тұсында әрбір мұсылман баласына, оның ішінде қазақ жастарына ой салатын әңгімелерге сусап отыратынымыз рас.

Ендеше, ой-талқы алаңының бүгінгі қонағы - филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел маңызды сұрақтар төңірегінде кемел ойлардың тиегін ағытпақ. 

- Абайдың 31 қара сөзінде «Көкірегі байлаулы берік болмақ керек» деп, рухани жүректің Аллаға байлаулы болу керектігін айтады. Ал қазір біздің жүрегіміз не нәрсеге байлаулы?

- Қазір біздің жүрегіміз дүниеге байлаулы. Сол себепті ақылымыз да байлаусыз болады. Абай «Байлаусыз ақыл, болымсыз тақыл, атадан бала ойы өзге. Санасыз, ойсыз, жарым ес, өз ойында ар емес» дейтін «Сегіз аяқ» өлеңінде ақылы байлаусыз жандарды «жарым ес» деп көрсетеді. Неге? Өйткені, біздің ақылымыздың дүниеге байлаулы болатындығы – біз Аллаға берген уәдемізді ұмытып қалғанбыз. Дүние жаратылмай тұрып, адамзат жаратылмай тұрып, Алла Тағала адамның болашақ ұрпағының белінен бір кішкентай ғана құмырсқа не көбелек сияқты жәндікті алып: «Раббың кім?»  – деп сұрады. Сонда «Раббым – сенсің» – деп жауап берген. Бұл Құранда жазылған. Бұны «алғашқы уәде, әлмисақ уәдесі» деп атайды. Біз сол кезде уәде берген екенбіз. «Раббы» деген сөз араб тілінен аударғанда «тәрбиеші» деген мағынаны білдіреді, яғни Алла – біздің жанымыздың тәрбиешісі. Алла Тағала адамның ұмытшақ екенін біледі, мұны араб тілінде «инсан» дейді. Бұл туралы Құранда «Сендер уәделеріңнен таймасаңдар, мен уәдемнен таймаймын» – деп жазылған. Міне, уәде – ақылдың Аллаға байлануы екен. «Уәде» деген сөздің өзі араб тілінен түсіндіргенде «байлау» деген мағынаны береді. Шал ақынның «Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық. Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық» – деген өлең жолдары бар.

- «Ақылсыз шешен» дейсіз ғой...

Иә, ақылы жоқ адам байлам жасай алмайды екен. Бір нәрсені ой таразысынан өткізіп, тұжырымдап, қорытындылап, анализ, синтез шығаруға қауқарсыз болады. Біздер оны «байламы жоқ, пәтуасыз» деп те атаймыз. Қазақтың «айтсаң уәдеңе жет, уәдеміз Құдайға шет» деген мақалы осыдан шыққан. Егер адамның ақылы Аллаға байлаулы болса, онда қалған дүние өзінен-өзі ақылға қона бастайды. Қалай? Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алланы ақылмен танығаннан кейін барып, сол жаратылыстың сыры саған ашыла бастайды. Шәкәрім айтқандай, «Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не табам?» – деген дүниені түсіне бастайсың. Абай: «Халық қылған, мекен берген – ол Лә мәкан, түп иесін көксемей бола ме екен?» – деуі арқылы «жанның шыққан жерін көксейтінін» көрсетіп отыр. Жәлаладдин Румидің: «Сыбызғы неге жылайды? Ол өзінің дінін аңсайды» – деген сөзі бар. Сол сияқты, біздің жанымыз да үнемі өзінің шыққан жері – Алланы аңсайды. Шәкәрім осы нәрсені «Асыл іздеп, асылды аласұрар» – деп ашық көрсетеді. «Асыл» дегеніміз – негіз деген сөз. Негіз өзінің негізін іздейді екен. Міне, Абайдың «Естіген нәрсені ұмытпас үшін: бірінші – көкірегі байлаулы болуы керек» – дегені осы. Көкірек дегеніміз – жүрек көзі, жүрек көзінде адамның ақылы бар, яғни Абай айтқан «нұрлы ақыл». Сол «нұрлы ақылды» Аллаға байлап, біз Алланы таныған кезде, естіген нәрселердің барлығы жіпке тізген моншақтай есіңде сақтала береді.

«Дін мен дәстүр – егіз» дейміз. Дінде дәстүрімізге қайшы, дәстүрімізде дінге қайшы көрініс жоқ. Десе де, дін жолында жүрген қыздарымыздың орамал тағуы – «дәстүрімізге жат» деген пікірлер бар. Себебі неде?

Енді негізінен, дәстүр бойынша қазақтың қыздары орамал таққан, жалаңбас жүрмеген. Құранның «Нұр» сүресінде: «Әйелдің әурет жерлері жабық болу керек. Олардың ең әдемі жері – шашы» делінген. Қыздар жас кезінде басына үкілі бөрік, тақия киген,тана (тиын) таққан. Тұрмысқа шықпаған қыздар – қызыл орамал таққан. Қазақтың «қыздың көзі – қызылда» деуі осыдан шыққан. Жұмыс істеген кезде үнемі бөрікпен жүре алмайды ғой. Құндыз бөрік – сән мен салтанаттың образы. Күнделікті өмірде түрлі-түсті орамал тағып жүрген. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін, ақ орамал таққан. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» – дейді қазақ. Ақ жаулық дегеніміз – тұрмысқа шыққан қыздың символикасы. Бұл нәрсе дәстүрімізге жат дүние емес. «Дәстүрге жат» деп, дінде жүрген кейбір қыздарымыздың қара түсті киімдер киетінін айтып отыр. Қазақ қара қашан киінген? Үйінде бір адам қаза болған кезде ғана киген. Біздер оны «қара жамылу» дейміз. Қап-қара болып никаб, паранжа кию – дәстүрімізде жоқ нәрсе. Ал негізінен қыз баланың, әйел адамның шашы жабық болуы – бұл барша мұсылманға ортақ қағидат.

«Құдайдан болғай деп емі,

Құдайыны мол бердім»– дейді Абай. Біздің Құдайға қылып жатқан құлшылығымыз қандай деңгейде?

Абайдың: «Құдай құлшылығымызды қабыл етуі үшін ғибадаттан сыр ғибадатқа айналу керек» – деген сөзі бар. Яғни, ішкі ғибадатқа жетуіміз керек. Ал механикалық түрде намаз оқу – бұл сыртқы ғибадат. Осы сыртқы ғибадат, сыр ғибадатқа айналмаса – үлкен кемшілік. Өйткені, бірінші – иман парыз. Ғибадат – оның көлеңкесі. Егер иман болмаса, құр көлеңке не береді? Намаз – иманның күзетшісі. Бірақ, күзетуші оның тек аман-сау, ояу тұрғанын тексермей, сыртында жүрсе, ол ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан, сыр ғибадаттың кілті – ықыласта, яғни намазды шын ниетіңмен беріліп оқу. Дінде оны «ихсан» дейді. Діннің өзі үш нәрседен тұрады: иман, ихсан, ислам. Ислам бес парыздан тұрады:

1. Аллаға иман келтіру

2. Ораза

3. Намаз

4. Зекет

5. Қажылық

Иман алты нәрседен болады:

  1. Алла Тағалаға сену
  2. Періштелеріне сену
  3. Кітаптарына сену
  4. Пайғамбарларына сену
  5. Ақырет күніне сену
  6. Тағдырдағы жақсылық пен жамандықтың Алланың жазуымен болатындығына, өлгеннен соң тірілудің хақ екендігіне сену.

Ал ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай намаз оқу. Тек қана намазда емес, кез келген нәрсені істегенде, Алла көріп тұрғандай істеу керек. Өйткені, Алланың көркем есімдерінің бірі – Әл-Басар (Бәрін көруші). Қазақтың: «Құдайдан жасыра алмағанды, адамнан жасыра алмайсың» – деуі осыдан. Құдайдан жасыратын ештеңе жоқ, ол һәммәні көреді. Біз патшаның алдында тұрып, пенделік ойларымызды ойлай алмайтынымыз сияқты, намаз оқыған кезде де, дүниелік ойлардан арылып, Алла көріп тұрғандай оқуымыз қажет. Бұл өте қиын нәрсе. Олай жасауға деңгейің жетпесе, Алла сені көріп тұрғандай намаз оқу керек. Бұл – ихсан. «Намаздың кілті – дәретте, ал оның қабыл болуының кілті – ықыласта» – деген осы.

Намаз оқып жатқан кезде ойымыздың бөлінетіні өтірік емес...

Міне, біз Алланы танымағандықтан ойымыз бөлінеді. Абайдың: «Қазақ Алланы саудагер сияқты көреді» – дейтіні бар. Алланы танымайтындығынан айтып отыр. Мысалы, саудагер келіп сауда жасаса, оған «күзге қарай кел, мен саған тайынша берем»,– дейді. Күзде келсе, «мен саған жоқ нәрсені жерден қазам ба, осы бұзауды алсаң ал, алмасаң қой»,– дейді. Солай сияқты, қазақ  Құдайды саудагер сияқты көреді, «тілім келмесе енді не істейін, осы оқыған намазымды қабыл ет, қабыл алмасаң өзің біл»,– дейді. Демек, ихсан деңгейіне жету үшін Алланы тану керек. Сананы тазартып, иманды күшейту керек. Иман қашан күшейеді? Алланы таныған кезде күшейеді. Алланы танымасаң, механикалық түрде намазыңды оқи бересің. Намазды шүкіршілік ете отырып, оқу керек. Ғибадаттың бәрі шүкіршіліктен пайда болады.

«Шешесі айтса кейін деп

Жеңгесі айтса бейім деп

Дамбалын тастап қыз кетті» – деп жырлаған XVIII ғасырдағы Дулат Бабатайұлының зары – бүгінгі заманның кері болып отыр. Бұның соңы «рухани бедеулікке» әкелмей ме?

Жалпы, ұлтты өсіретін – әйел адам. Мысалы, өзбектің қызы дамбалын тастамаған. Қазір өзбектердің саны – 30 млн. Дамбалын тастамау – әурет жерін жабу деген сөз. Құранда «мүшелеріңді сақтаңдар» делінген. Ер адам да, әйел де тақуа болуы керек. Тақуа әйелден – тақуа бала туады. «Тақуа» деген сөз «діндар, дінге берілген адам» деген қате түсінік бар. Ғазалидің кітабында «тақуа дегеніміз – шын ниетімен Құдайдан қорқатын адам» – деп жазылған. Тақуа қыз – Алламен тайталаспайды, түсік жасатпайды. Мұсылман әйелдер өзін өзінің еріне сақтайды. Қазақ «сақтансаң, Құдай сақтайды» – дейді. Әуелі, әйелді төмен етегі сақтайды. Себебі, төмен етектің көтерілуі қиын. Етегі көтерілгеннің өзінде дамбалын сақтап тұр. Мұның бәрі – символика. Екіншіден, әйел адамның аяғы жабық жүргеннен кейін ер адамның қуаты артады. Ең бастысы – бұл тазалық гигиенасы. Көптеген әйелдердің бала көтере алмауы – жатырына суық тигендіктен. Дамбалын тастап кеткеннен кейін, ашық жүргендігінің кесірінен болады. Дамбал дегеніміз – әйел адамның Құдайдан қорқуы. Бұл – қыз баланың өзін-өзі қорғауы. Сонда дамбалын тастады деген – қазақ қызының өзінің бұрынғы тақуалығымен қош айтысуы. Енді ойлай беріңіз, дамбалын тастаған қыздарымыздың тұрмысқа шықпай қалуы, түсік тастауы, некесіз баланың дүниеге келуі, олардың жетімдер үйін жағалауы – осы рухани кеселдердің себебін, Дулат бір ауыз сөзбен жеткізген. Құдайдан қорықпау керек. Өйткені Құдай – Рахман-Рахим. Құдайдан қорықпағаннан қорқуымыз қажет. Осы нәрсені Дулат XVIII ғасырда констатация жасап отыр. Неге? Өйткені, қызды шешесі үйретеді. Шешесі: «Қызым, жын-ойнаққа барма, абыройыңнан айырылып қаласың, қыздың жолы – жіңішке» – десе, қызы: «кейін, моралыңды қоя тұр» – деп айтады. Ал жеңгесі ше? Қазақта: «қызды жеңге құртады, жеңгені теңге құртады» – деген бар. Сол арқылы ақша тауып, бизнес жасаған ғой. Әрине, жеңгесі абыройлы болса, әңгіме басқа.

Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді. Оны сақтау қаншалықты қиын?

Абай «оны сақтап қалу үшін мінез керек» дейді. Фитрат дегеніміз – негізгі иман. «Кез келген адам фитрат иманмен дүниеге келеді. Кейін ата-аналары біреуін христиан, біреуін еврей, біреуін яһудей қылады» – деген хадис бар. Оны сақтап қалудың жалғыз жолы бар. Мәшһүр Жүсіп: «қазақта екі кісінің бірі – жақсы, екі кісінің бірі – әулие болған» – дейді. Неге десек? Өйткені, қазақ дүниеге қызықпаған. Адамның иманын жоғалтатын ол – дүниеге қызығушылық. Сіз қалай дүниеге қызыға бастасаңыз, солай жүрегіңізден иман кете бастайды. Кейбір адамдар бар, білімі жоқ, медреседе оқымаған, иман шарттарын да білмеуі мүмкін, бірақ керемет иманды адам. Себебі оның жүрегі таза, дүниеге қызықпайды. «Адам мың жерден оқып келсе де, жүрегінде дүниеге деген қызығушылығы болса, онда Алла Тағала оның жүрегіндегі ғылымды денесінің бір жерінен айдап шығарады» – дейді Мәшһүр Жүсіп. Ал қандай бір адам жүрегін таза сақтап қалса, ол адамға Алланың: «Кімде-кім маған 40 күн бойы таза жүрекпен ғибадат етсе, мен оның жүрегіндегі даналықты аузынан бұлақ қып ағызам» – деген уәдесі бар. Бұл нәрсе Шәкәрімде де бар:

«Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар,

Әулиеден кем емес».

Міне, надан болса да, қазақ жүрегі таза адамның бәрін «әулие» деп атаған. Оның айтқаны, болжағаны дөп келеді, өйткені жүрегі таза.

Діншілдік пен дінсіздікті бөліп тұрған не?

- Негізі екеуі де жаман. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) :«Дінге тым беріліп кетпеңдер, дінсіз де болмаңдар. Екеуінің ортасын ұстау керек» – деген өсиет жеткен. Дінде «ифрат» деген бар, яғни артық қылмау қажет. Қазақ «артық қылам деп, тыртық қылма» – дейді. Кем де қылмау керек. Бұны «тәфрит» дейміз. Күні-түні намаз оқуға да болмайды. Осындай бір хадис жеткен. Пайғамбарымызға бір кісі келіп, «мен күні-түні намаз оқимын, аяқтарым ісіп кетті. Мен әйелдерге жоламайтын болдым. Мен Құдайға жағу үшін тамақтан бас тарттым. Бұл енді тым артық, яғни «ифрат». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, бұл дұрыс емес. Мен ұйықтаймын да, намаз да оқимын. Мен Құдайға құлшылық та қыламын, әйелдерді де жақсы көремін. Мен ораза да ұстаймын, тамақ та ішемін. Екеуінің ортасын ұстаймын» – деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)үш нәрсені: әйелді, хош иісті, жарқырап тұрған намазды жақсы көрген. Міне, ислам дегеніміз – «золотая середина», яғни ортасын ұстау. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «сендер тым ғибадатқа беріліп кетпеңдер, бәрібір жеңілесіңдер» – деген сөзі осы нәрсенің дәлелі.

Дінге үрке қарайтындардың діни түсінігін қалай жетілдіруге болады?

Бұл жерде діннің кінәсі жоқ. Кінә адамның өзінде. Діннің сыртында ештеңе жоқ. Кейбір адамдар «битке өкпелеп, тонын отқа тастап» христиан не яһудей болып кетіп жатыр. Мұның барлығы Құдайды жіті тани алмағандықтан, басқа салаға өтіп жатыр. Мысалы, жақсы қызды, қыздардың ішінен іздейміз. Қыздар көп болғанымен, оның ішінде жақсы қыз өте аз болады. Сол сияқты, діннің де тазасы, таза емесі бар. Таза емес дінді Шәкәрім «шатақ дін»  деп көрсеткен. Ақын өз өлеңінде:

«Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ.

Шала дінді пән де таппас,

Дін тазасын ой табар.

Еркін ақыл тіпті адаспас,

Кезсе кірсіз жарқырап» – деп, осы мәселені ашық көрсетеді. Сондықтан, көп адам ойланбағандықтан, діннің тазасын таба алмайды. Ал дін деген не? Ол – адамдарға жақсылық жасау. «Сенің мың намазыңнан, көп ғибадаттың қайыры артық» – деген хадис бар, яғни адамдарға жақсылық жасауға дағдылану керек.

 - Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Ләззат Мақаш,

Ұлт порталы