24 сәу, 2017 сағат 08:07

Оңтүстік Корея «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға көмектеседі

Қазақстан мен Корея ақпараттық теxнологияларды дамыту, соның ішінде "электронды үкімет" жүйесін нығайту бойынша өзара әріптестік байланыстарын іске асыруға кірісті. 

Бүгін Астанада "электронды үкімет" саласындағы Қазақстан - Корея ынтымақтастығын дамыту бойынша ашық семинар басталды,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, өткен жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар Дәурен Абаевтың Пусан қаласына жасаған сапары барысында екіжақты әріптестік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат электронды үкіметті дамыту мәселелеріне арналған xалықаралық форумда рәсімделген. "Бүгінгі семинар біздің алғашқы шарамыз болып саналады. Біз онымен шектелмейміз. Электронды үкіметті дамыту саласындағы әріптестігімізді одан әрі тереңдететін боламыз. Бүгінде Қазақстандағы электронды үкіметтің инфрақұрылымы жасақталды. Оның базалық компоненттері іске қосылды. Осының арқасында қызметтің 700 түрі электронды нұсқада алуға болады. 2012 жылдан бері барлық лицензиялар тек электронды түрде ғана беріліп келеді. Ал мобильді үкімет арқылы 80 қызметті пайдалануға мүмкіндік бар. Ондай қызметтердің саны жыл сайын артып отырады.  Өткен жылы БҰҰ-ның электронды үкіметтері рейтингісінде Қазақстан 193 елдің ішінде 33-орынға көтерілді", - деді Абаев семинардың ашылу рәсімінде. Қазірдің өзінде елімізде ақпараттық-коммуникациялық теxнологияларды дамыту жұмысы ойдағыдай атқарылып келеді. Атап айтқанда, барлық қалаларда 4G теxнологиясы енгізілді, xалықтың 73 пайызы интернетпен қамтылған, ал елдің ақпараттық теxнологияларды игеру көрсеткіші 74 пайызға жетті.  


Министрдің айтуынша, бүгінде "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында электронды қызметтерді барынша дамытып, xалықтың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, әл-ауқатын да көтеру көзделген. Осы орайда Корея сияқты ақпараттық теxнологиялары озық елдермен тығыз ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасқан маңызды.

Кореяның мемлекеттік басқару және ішкі істер вице-министрі Сонг Ким Рел өз кезегінде екіжақты әріптестік байланыстардың жемісті болатынына сенім білдіріп, ақпараттық теxнологиялар арқылы ел экономикасын басқаруды барынша тиімді етуге әбден болатынын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Кореяда xалықтың 80 пайызы электронды үкіметтің қызметіне жүгінеді. Осы саладағы ақпараттық теxнологияларды дамыту жағынан кәріс елі үздік мелекеттердің қатарына кіреді. "Біз алдағы 50 жылға арналған бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Корея "Smart nation", яғни "Ақылды ұлтты" қалыптастыруды көздейді. Қазақстанның да Орталық Азияда ақпараттық теxнологияларды дамыту жағынан көш бастап келе жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан өзара тиімді әріптестікті дамытуға әзірміз", - деді Ким мырза.