08 сәу, 2020 сағат 08:15

Осындай кезде әр азамат «елім үшін не істей алам» деп өзіне сұрақ қоя білуі керек - депутат

Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған мақаласын оқып, одан не түйгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпараті.

«Тұңғыш Президент – Елбасының шыққан бүгінгі мақаласымен оқып, таныстық. Мақалада терең ой жатыр. Біріншіден Елбасы осынау күрделі кезеңде халықпен ақылдасып отыр. Індет қазір Қазақстанды ғана емес, күллі әлемге қаупін туғызуда. Тұңғыш Президенттің мақаласында екі аспектке ерекше назар аудардым: біріншіден Елбасы ұлттық қорға байланысты халыққа нақты ақпарат берді. Пандемияға байланысты халықты қолдау үшін ұлттық қордан тиісті қаражат бөлінетінін айтты. Жалпы кімге қандай жеңілдіктің берілетіні де аталды», - дейді Геннадий Шиповских ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы айтқан пікірінде.

Депутаттың айтуынша, бұрын Елбасына ұлттық қордағы ақшаны бұған дейінгі қажеттіліктерге жұмсау туралы сан түрлі ұсыныс болған.

«Әйтсе де, Нұрсұлтан Назарбаевтың сол тұста мызғымаған қағидатының бүгінгі күні пайдасын көріп отырмыз. Сонымен бірге екінші аспект: елді тыңдата білетін зиялы қауымға айтылған ой. Себебі Елбасы айтып отырғандай халықты сабырға шақырып, өскелең ұрпаққа дұрыс ой-ақыл айту керек. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағалы бері 30 жыл уақыт өтті. Яғни сол кезде туған бала қазір орда бұзар отыз жасқа жетті. Бір қарасаң, көп те, аз да емес. Мемлекет осыған дейін де, кейін де жастарымызды қолдап, білімін шыңдай бермек. Қазір сол жастарымыз індеттің бетін қайтару үшін бірі дәрігер, бірі полиция қызметкері болып, күн-түн демей еңбектеніп жүр. Елбасы олардың еңбегіне де ерекше алғысын айтты. Абай да «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Осынау қысылтаяң шақта елдегі әр азамат «елім үшін не істей аламын?» деп өзіне өзі сұрақ қоюы тиіс. Бүгінгі Елбасы мақаласында идеологиялық тұрғыда үлкен құндылықтар жатыр. Осы құндылықтарды қолдап, өзіміз әрқашан күш бірлікте екенін түсінуіміз керек», - дейді депутат. 

Еске сала кетсек, бүгін Egemen Qazaqstan газетінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жарияланған еді.