15 мам, 2020 сағат 02:41

Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың 10 миллион доллар активін қайтарды

Өзбекстан бұрынғы президенттің қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі болған 10 млн доллар активті Франциядан қайтарды. Бұл туралы Өзбекстанның әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Қаражат Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне аударылды және жалпы тәртіпте пайдаланылатын болады" делінген ресми хабарламада. 

Билік сонымен бірге Швейцария, АҚШ, Франция, Ресейдің құзырлы органдарымен бірігіп, қалған қаражатты қайтаруға күш салып отырғанын жеткізді. Мәселе Каримованың 1,3 млрд доллар активі жайында болып отыр. 

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қаза болғаннан кейін 2017 жылы қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда 10 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Оны "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "бопсалады", "офшор компаниясының құжаттарын жойды" деп айыптады. АҚШ және Еуродақтың бірнеше мүшесі Каримованы қаржы жымқырды деп айыптағаннан кейін Өзбекстанда экс-президенттің қызының үстінен іс қозғалған.

Каримоваға алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін біраз уақыт үйқамақта отырды, бірақ 2019 жылы наурыз айында "үйқамақ ережесін бұзды" деп айыпталып, Ташкент облысындағы түрмеге жіберілді. Каримова мен оның қызы бұл айыптарды жоққа шығарды. Осыдан соң Каримованың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалған. 

Үшінші қылмыстық іс бойынша ол 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айрылған. Оған және онымен бірге сотталған тағы бірнеше адамға "қылмыстық қауымдастық құрып, ақша бопсалау, бюджет қаржысын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырумен байланысты қылмыс жасады" деген айыптар тағылды.