02 мау, 2020 сағат 05:44

Павлодар облысында күшті жел шатырларды ұшырып, дуалды қиратып кетті

Павлодар облысында күшті жел тұрып, кешкісін бірнеше ғимараттың шатыры жұлынып, облыс орталығында дуал құлаған.

«Табиғи апаттан бірінші металлургтер қаласы зардап шеккен. Ақсу қаласында екпінді жел салдарынан Әуезов көшесінде орналасқан «Шолпан» төртқабатты қонақүй кешенінің 600 шаршы метр шатыры жұлынды. Ғимарат 1971 жылы салынған, оның жалпы ауданы – 1616,7 шаршы метр. Сонымен бірге, Ақсу қалалық ауруханасының екіқабатты ғимаратының 300 шаршы метр аудандағы шатыры жұлынған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Тағы бір оқиға Ақсу қаласының Жолқұдық ауылдық аймағында болған. Мұнда қатты желдің салдарынан Мәдениет үйінің шатыры жұлынды (80 шаршы метр). 1968 жылы салынған ғимараттың жалпы ауданы 500 шаршы метр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Железин ауданының Еңбекші ауылында қатты жел салдарынан ауылдық мектептің үшқабатты ғимаратының 240 шаршы метр шатыры жұлынды. Шатырдың ағаш торламасы шиферден салынған.

«Облыс орталығында дауылды жел қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің металл қоршауы мен оның кірпіш бағаналарын құлатқан», - деп қосып өтті ведомстводан.

1 маусымда Павлодар облыстық ТЖД «Дәрмен» қосымшасы арқылы желдің 18 метрге дейін күшейетіні туралы ақпарат таратты. Дауыл болатыны туралы ескерту облыс орталығындағы ұялы телефон абоненттерінің барлығына таратылған.