19 мам, 2020 сағат 10:05

Педагогтардың ұлттық біліктілік тестін тапсыруы 3 айға созылады

21 мамырда педагогтардан Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еліміздегі карантин жағдайын ескере отырып ұлттық біліктілік тестін 3 ай өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл - маусым, шілде, тамыз айлары. Құжат қабылдау 21 мамырдан басталады. Жалпы, ережеде тапсыру уақыты да ұзартылды. Математика, химия, физика, информатика пәндерінің педагогтарына 240 минут беріледі», - деді Майра Мелдебекова министрліктің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен аппарат жиналысында. 

Оның атап өтуінше, министрлік облыстық білім басқармаларынан биыл ұлттық біліктілік тестін тапсыруы мүмкін педагогтардың болжамды санын алған. 

«Жоғары оқу орындарының түлектерін қоспағанда шамамен 113 мың педагог тест тапсырады. Тест тапсырмаларының базасы бар. Онда шамамен 135 мыңға жуық тапсырма қамтылған. Биыл тағы 21 мың жаңа тапсырма әзірленді. Толықтай алғанда, бүгінгі күні база жұмыс істеп тұр. Оны сынақтан өткізіп көрдік», - деді комитет төрайымы. 

Майра Мелдебекованың айтуынша, педагог өзіне қолайлы уақытта базаға тіркеле алады.