27 мам, 2020 сағат 10:58

Педагогты беделді, танымал тұлғаға айналдыру керек – Мемлекет басшысы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мен оқытушылардың қоғамдағы беделін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Педагогтардың мәртебесіне қолдау көрсету қажет. Оларды қоғамдағы беделді, танымал тұлғаларға айналдыру керек. Біз оларға арнайы медаль тағайындаймыз. Бұл – педагогтардың еңбегіне арналған мемлекеттік марапат», - деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы 3-отырысында. 

Сонымен бірге, Президент білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жемісті еңбек еткендерге жаңа «Халық алғысы» медалі берілетінін еске салды. 

«Менің тапсырмаммен алдағы төрт жылда мұғалімдерге төленетін жалақыны екі есе арттыру қарастырылған. Одан бөлек, білім сапасын қамтамасыз ету өте маңызды. Педагогикалық білім беруді жаңғырту оқу жоспарларының 100% жаңартылуын, IT-құзіреттер, оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары бойынша арнайы модуль енгізуді қамтамасыз етуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.