19 мам, 2020 сағат 09:17

Полиция адвокат Айман Омарованың көлігінің өртенуіне қатысты тексеру жүргізіп жатыр

Алматыда танымал адвокат Айман Омарованың көлігі өртеніп кетті. Полиция бұл дерекке қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 18 мамыр күні Медеу ауданындағы әл-Фараби көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған.

Айман Омарова Facebook парақшасында көліктің тежегіші істен шыққанын жазды.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері оқиға орнына 7 минутта жеткен.

«Өрт сөндірушілер 22.00 келгенде «Lexus-350» көлігі өртеніп жатқан. Тілсіз жау 2 шаршы метрді шарпыған. Өрт 22:04-те ауыздықталып, 22:07 де толық сөндірілді. Өрттен жапа шеккендер жоқ», - деп мәлім етті ТЖД баспасөз қызметі.

Қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғады. 

«Қылмыстық іс өндірісі Медеу аудандық полиция басқармасына берілді. Өрт бойынша техникалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысынан кейін өрттің неден шыққаны анықталады», - деді полиция.