12 ақп, 2020 сағат 15:04

Президент тапсырмасы: Министрлік бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын таныстырды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ұсынып отырған заң жобасы – 1995 жылы Қазақстанда қабылданған заңды алмастырғалы отырған жаңа құжат. 1995 жылы баптардың форматының саны 12 болса, жаңа заңда 21 бап қарастырылып отыр. Біріншіден, бейбіт жиындардың заңнамалық базалық қағидаттарын енгізбекпіз. Екіншіден заң жобасына анықтамалық аппарат енгізіледі. Сонымен қатар, заңда бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, міндеті мен құқығы айқындалады. Сондай-ақ заңға мемлекеттік органдардың құзыреті енгізіліп, бейбіт жиын өткізуге болатын орындар белгіленеді. Пикет, митинг, жиынға арнайы орындарда 250 адамнан аз халық қатысқан жағдайда – бейбіт жиынды өткізудің хабарландыру тәртібі енгізіледі», - деді ведомствоаралық комиссиядан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Данияр Исин.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, осы айтылғандармен қоса регламенттік тәртіп те енгізіледі.

«Ал егер демонстрация, митинг, шеруге қатысушылардың саны 250 адамнан асса – бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат алу керек болады. Сондай-ақ хабарландыру мен өтінімді қараудың нақты механизмі бекітіледі. Бейбіт жиын өткізудің насихат институты енгізіледі. Сондай-ақ, бейбіт жиын өткізуден бас тартылатын негіздемелердің тізімі дайындалады», - деді ол.

Осыған дейін бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының тұжырымдамасы қоғам талқысына шығарылғандығын жазған болатынбыз.