24 сәу, 2020 сағат 13:28

Президенттің конституциялық мәртебесі мемлекеттің институттарын нығайтуға ықпал етті – Марат Бекетаев

Президенттік билікті институциялау - Қазақстанды демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда оң рөл атқарды. Бұл туралы Қазақстанда президенттік институттың енгізілгеніне 30 жыл толуына орай онлайн режимдегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Президент лауазымын белгілеудің тарихи маңыздылығына талдау жүргізу, Президент институтының негізгі даму сатыларын, сондай-ақ саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі оның рөлін жаңғырту төңірегінде пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. 1990 жылғы 24 сәуірде «Қазақ ССР Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдау Қазақстанның мемлекеттік құрылысындағы ерекше кезең болды. Қазақстан тарихының сол бір жауапты кезеңінде Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлануы - жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің, оның саяси-құқықтық және экономикалық негіздерінің қалыптасуында ауқымды тарихи рөл атқарды. Көбіне дәл осы тұлғаның жеке ерік-жігер қасиеттерінің арқасында елімізде Президент институты лауазымының белгіленуі орын алды», - деді М. Бекетаев. 

Оның пайымынша, бұл президенттік билікті институциялау мен Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда оң рөл атқарды.

«Аталған институттың арқасында Конституция қабылданып, құқықтық база қалыптасты, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың ауқымдық бағдарламалары іске асырылды», - деді Марат Бекетаев. 

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесі егемен мемлекеттің институттарын ары қарай нығайтуға, халықаралық белдің артуына және құқық қағидасында қазақстандық мемлекеттіліктің тұрақты негіздерін қалыптастыруға ықпал етті.