25 қар, 2019 сағат 08:02

Радикалдар мен экстремистерді дәстүрлі жолға қайтарудағы Оңалту орталықтары туралы не білеміз?

Дін саласын реттеу мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады және соның ішінде деструктивті сипаттағы әртүрлі жалған діни ұйымдар мен радикалды ағымдардың теріс идеологияларының алдын алу бағытында жұмыстарды іске асыру және үйлестіруге ерекше назар аударылып отыр.

Дін істері комитеті тарапынан тұрғындарға дәстүрлі ислам діні туралы шынайы ақпарат беруге, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың жетегінде кеткен жандарды, оның ішінде экстремизм баптары үшін түзеу мекемелерінде жазаларын өтеушілерді дәстүрлі ортаға қайтару мен оңалту жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 2014 жылы «Ақниет» республикалық оңалту орталығы құрылған еді. Осы орталық құрылған күннен бастап діни экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін сотталғандармен жұмыс істейтін маңызды орталыққа айналды.

«Жусан» операциясымен Сириядан қайтарылған азаматтарымызды оңалтып, қоғамға бейімдеу және еліміздің мұсылмандары ұстанатын дәстүрлі жолға қайтару бағытында да «Ақниет» орталығы белсенді рөл атқарды.  «Жусан» операцияларымен елге жеткізілгендер ең алдымен  Ақтау қаласының маңындағы арнайы оңалту орталығына орналастырылғаны белгілі. Солармен қажетті жұмыстарды жүргізу үшін елімізің барлық өңірлерінен теріс ағымдармен жұмыс жүрізіп жүрген ең тәжірибелі теологтар мен дін мамандарын тарта отырып радикалдық идеологиядан арылуларына елеулі үлес қосты.

Атап айтқанда, зардап шеккендермен жұмыс істеу үшін үздік теологтар мен дін мамандарын жұмылдыру нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде оралған азаматтарды тыныш әрі бейбіт өмірге бейімделе бастады. Түсіндіру және оңалту жұмыстарының белгілі бір жемісті нәтижелері де бар. Мәселен, ол жақтан келген әйелдердің бірі алғашқы күндері фотоға түсуден үзілді-кесілді бас тартып, құжаттаудан өтуге келіспеген еді. Бірақ, мамандардың шариғаттың үкімдерін, ислам негіздері мен фиқһ талаптарын түсіндіруінің арқасында мәселе оң шешімін тапқан. Осы секілді мысалдар күн сайын БАҚ-тарда жариялануда.

Адасқандарды толыққанды оңалту курсынан өткізудегі басты мақсат олардың барлығын  дәстүрлі ислам жолын ұстанатын адам ету болса, бұл жұмысқа «Ақниет» оңалту орталығы өз үлесін қосуда деп сеніммен айта аламыз.

Әрине, оңалту жұмыстарымен тек қана «Ақниет» орталығы ғана айналысып жатыр деп үзілді-кесілді айтудан аулақпын. Қазіргі кезде Қазақстан аумағында теріс ағымдардың жетегінде кеткендерді оңалту жұмыстары бағытында өз қызметін ұйымдық-құқықтық нысаны үкіметтік емес ұйым ретінде іске асырып отырған 30-ға жуық ұйым қызмет атқарады.

Оңалту орталықтарын құру үрдісі діни ахуалы күрделі болып табылған батыс облыстарынан басталғанын атап өту қажет. Осыдан кейін бірқатар «күрделі» деп танылған өңірлерде ұқсас ұйымдар қалыптастырылды. Кейбір өңірлерде әкімдіктердің Дін істері басқармалары жанындағы Коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде оңалту орталықтарын ашылды.

Жалпы, қызметтері Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаныіске асыру шеңберінде тартылған оңалту жұмысында тәжірибесі мол бірқатар мекемлер қалыптасып үлгергенін атап өткен жөн.

Солардың ішінде, Ақтөбе облысында орын алған террористік оқиғалардан кейін облыс әкімдігінің қолдауымен 2012 жылы «Ансар» консультациялық-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылып, табысты жұмыс жүргізуде екенін ерекше атап өтуге болады.Сонымен бірге, Қарағанды облысында осы мәселелер бойынша «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігі мен «Виктория» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек орталығы» жеке мекемесі деструктивті және радикалды идеология жақтастарын оңалтуға мамандандырылған.

Астана қаласында «Астана қаласы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларымен оңалту жұмыстарын жүргізуге арналған оңалту орталығы жүйелі жұмыстар атқаруда.

Ақтөбе облысының 5 ауданында (Темір, Мұғалжар, Шалқар, Хромтау және Алға) жергілікті әкімдердің қаулылары негізінде «Жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы» коммуналдықмемлекеттік мекемелері бар.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Оңалту жұмысын ұйымдастыру бөлімдері де 20-ға жуық білікті дін мамандары және теологтармен кеңейтіліп, нәтижелі жұмыстар жасап отыр.

Осыларды есепке алатын болсақ,  елімізде діни экстремизмнің таралуының алдын алу, мемлекеттік құрылымды бұзушы діни ағымдардың ықпалында қалып қойғандарды оңалтуға бағытталған жұмыстар табысты жүзеге асырылуда деп айта аламыз.

Балғабек  Мырзаев,

теолог