16 мам, 2017 сағат 11:03

Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күнді айтып берген сәті (видео)

Көп жылдар бойы кеңестік жүйенің сұрқия саясатының кесірінен қазақ жауынгерінің ерлігі бағаланбай келгені рас. Тек 62 жылдан кейін ғана Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандас серігі Григорий Болатовтың бірінші болып Рейхстагқа жеңіс туын тіккені мойындалды. 1945 жылы 30 сәуірде сағат 14.25-те Берлинде болған оқиға тарихта мәңгі қалмақ. 


"Әкем өзін ерлік жасадым деп санамайтын"

Астанада батырдың құрметіне ескерткіш бар. Аты аңызға айналған жауынгердің қолында Жеңіс туы биіктен желбірейді. Ескерткіш жанынан өткен сайын қаһарманның өр тұлғасына көз тастаған әр адам  оның ерлігіне бас иетіні анық.

 

"Ал әкем болса өзін ерлік жасады деп санамайтын. Ол жолым болып, рейхстагқа жеңіс туын тігу туралы бұйрық берілген алғашқылардың бірі едім деп айтатын. "Менің орнымда басқа біреу болса, ол да менің істегенімді істер еді" деп айтып отыратын маған", — деп әңгімеледі батырдың қызы Әлия Қошқарбаева. 


Рейхстагқа ту тіккен күн

"Біз рейхстагқа жақындаған кезде мен қызыл жалауды жазып жібердім де, оның бұрышына сия қарындашпен біздің полктің 674-ші нөмірін және "Лейтенант Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Булатов" деп аты-жөнімізді жаздым", — 60-шы жылдардағы ақ-қара түсті архив кадрларынан сөйлеп отырған Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы 30 сәуірде рейхстагқа ту тігуге барған сәтін еске алады. – Болатов маған "Лейтенант жолдас, аты-жөнімізді жазғаныңыз дұрыс болды, әйтпесе, бізді өлтіріп тастаса, ешкім біздің осында жеткенімізді, біздің кім, қандай полктан екенімізді білмес еді" деді. Мен "Гриша, біз өлуге емес, жауынгерлік тапсырманы орындауға, қызыл туды тігуге бара жатқан жоқпыз ба? Екеуіміз туған бауырлардай болып кеттік, менің балалар үйінде өскенімді білесің ғой"…Шайқас 2 мамырға дейін жалғасты, осы кезден бастап 30 сәуір менің екінші туған күнім болып кетті". 



Путинге жеделхат: "Тарихи әділдік орнасын!"

Он екі жыл бұрын 2005 жылы 7 мамырда тарихшы Болат Асанов Ресей президенті Владимир Путинге жеделхат жолдап, лейтенант Қошқарбаевқа қатысты тарихи әділдікті орнатуды өтінеді. 

"Кантария мен Егоров бірінші болып туды тіккендер деген аңызға шүбә келтіру мен үшін ыңғайсыз, — дейді Болат Асанов, — бірақ Рейхстагқа туды 1945 жылы 30 сәуірде Берлин уақыты бойынша сағат 14.25-те Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тікті. Бұл туралы Левитан бүкіләлемдік радио бойынша хабарлады. Және бұл деректі дәлелдейтін көптеген құжаттар бар. Өткен жылы «Халықтар достығы» журналында жеңіс туын тіккен жауынгерлердің тағыдырына қатты алаңдаған 150-ші дивизияның аға лейтенанты, белгілі кеңес жазушысы Василий Субботиннің күнделігі жарық көрді. Ол былай деп жазған: «Әрине, Қошқарбаев пен Болатов қолына жауынгерлік туын ұстап көтерілгенде, рейхстагқа тігу үшін берілген ресми ту туралы ештеңе білген жоқ. Олар бәрі күні бұрын белгілі екенінен бейхабар еді. Екеуі қазып тасталған, гүрсілдеп атылып, жарылып жатқан алаңмен асқан өжеттілікпен жорғалап өтті. Олар тіккен ту шын мәнінде бірінші еді. Сондықтан дивизияның саяси бөлімі Әскери кеңестің туын ұмытып, рейхстагқа жеңіс туын тіккен екеуі деп мойындап, жауынгерлік басылымда осылай деп жазылды ("Воин родины" – 3-5 мамыр 1945ж.). Бірақ Жеңіс Туы болып екеуінің жалауы емес, "№5" ту болып танылды. Енді қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Болатов пен Қошқарбаевты емес, Кантария мен Егоровты біледі…" 

2005 жылы шілдеде Ресейдің әскери тарих институты Асановтың жеделхатына жауап жазып жібереді. 

Ресей әскери тарих институтының Болат Асановқа жолдаған хатынан үзінді: 

"РФ Қорғаныс министрлігі әскери тарих институтының қызметкерлері Сіздің жерлесіңіз, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев ерлігінің құжат түрінде дәлелі бар екенін анықтады. 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің командирі 1945 жылы 6 мамырда оны «Кеңес Одағының Батыры" атағына ұсынды. Оның марапаттау қағазынан: "29.04.1945 жылы взвод алғашқылардың қатарында Шпрее өзенінен өтіп, жаудың кескілескен ұрысына дес бермей, 30.04.1945 жылы рейхстагқа басып кіріп, Жеңіс туын тікті». 150-ші атқыштар дивизиясының командирлері мен 79-шы корпус командирінің тұжырымы: "Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайықты". Бірақ 1-ші Белорус майданының 3-ші соққы армиясының әскери қолбасшысының 8.6.1945 ж. №0121 бұйрығымен лейтенант Қошқарбаев КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан неміс басқыншыларымен шайқаста әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, батырлық пен өжеттілік танытқаны үшін "Қызыл Ту" орденімен марапатталды". 

Шындық қап түбінде жатпайды

2005 жылы 15 шілдеде Рейхстагқа бірінші болып ту тіккендерге қатысты мәселенің түйіні тарқап, соңғы нүкте қойылды. Бірақ екі батыр өздері ерлігінің ресми түрде мойындалғанын білмей дүниеден өтті —  Болатов 1973 жылы, ал Қошқарбаев 1988 жылы өмірден озды.

"Әкем ішіндегісін сездірмейтін, тіпті кейде ерлігінің мойындалғаны немесе мойындалмағаны оған бәрібір секілді көрінетін. Еш уақытта "мен ерлік жасадым" деп кеудесін ұрмаған адам. Жақсы әке, жақсы жар, жақсы дос бола білді… Өмірді өте қатты жақсы көретін. Достары көп болатын, күнде үйге қонақ келуші еді", — дейді қызы Әлия. 

"Кинодағы соғыс өмір ақиқатынан алыс"

Қошқарбаевтар отбасында жыл сайын 9 мамырда жеңіс мейрамы үлкен қуанышпен тойланады. "Кең дастархан жайып, құрметті қонақтарды күтетінбіз" деп еске алады ардагердің қызы. Бірақ әкесі еш уақытта соғыс туралы әңгіме қозғамаған екен. 

"Әкем әрқашан бұл күні ұстамды, сабырлы болып, өз сезімін білдіртпейтін. Ішінде не барын айту қиын еді. Соғыс оны осындай адам қылып шыңдады деп ойлаймын. Тоғызыншы мамырда әкем түрлі шараларға шақыратынын, үйге қонақтар келетінін білетін…бірақ ешқашан ой түбінде жатқан сөздерімен, әсіресе соғыс туралы ойларымен бөліспейтін – ешқашан ондай болған емес", — деді ол. 

Бұған қоса, қызының айтуынша, Рақымжан Қошқарбаев соғыс туралы фильмдерді көрмеген екен. 

"Әкем кинодағының бәрі ертегі, соғыста бәрі мүлдем басқаша болды деп айтатын. Негізі, менің әкем ғана емес, соғыста болғандардың көпшілігі соғыс туралы фильмдерді көрмейді. Әкем тек "Освобождение" деген бір фильмді ғана көрген еді. Бәрі шулап көрген бұл кинода әкем көп дүние бұрмаланғанын айтты", — деп ерекше тебіреніспен аяқтады әңгімесін батырдың қызы.

Мінеки, дәл Жеңіс алдында, соғыстың соңғы күндері басын қатерге тігіп, рейхстаг үстінде жеңіс туын желбіреткен ер жауынгер осындай адам болған… 

sputniknews.kz