#
#
Бейсенбі 04/06/2020

Расул Жұмалы. Көрші елдермен шекара мәселесін дер кезінде шешу - Қазақстанның сөзсіз жеңісі

  • 27.04.2020
  • 0
  • 643

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің шекарасы болады. Ал сол шекараны көршілермен халықаралық келісім-шарт арқылы бекіту - тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды кепілі.

Тарихқа көз жүгіртсе әлемдегі шиеленістердің, соғыс атаулының басым бөлігіне осы шекаралық даулар түрткі болған. Тіпті бүгіннің өзінде ондаған мемлекеттер, олардың арасында ТМД да бар, аталған түйткілдерді тарқата алмай, түрлі қауіп-қатерге ұрынып келеді. Сәті түсіп Қазақстан бұл мәселені 2000 жыдардың басында толығымен жапты. Ал тиісті келісімге ең алғаш рет осыдан дәл 26 жыл бұрын 1994 жылдың 26 сәуірде Қытаймен арада қол қойылды.

Бұл жас Қазақ республикасының үлкен жетістігі болды десек артық айтпағандық. Мәселе тіпті әлеуеті зор Кеңес одағы тісі батпаған дауға нүкте қоюда немесе ондай келісімге ТМД елдері арасында Қазақстан ең бірінші боп қол жеткізгенінде ғана емес. Соңынан біздің елдің үлгісімен басқа елдер, оның ішінде Ресей де жүрді. Мәселе басқада. Бұрынғы Франция президенті Франсуа Миттеранның айтқаны бар: "Шекараны талқылау соғысты талқылаумен тең". Ал енді осындай ерекше күрделі де сезімтал проблеманы Қытай сияқты алып көршімен тең дәрежеде, өз ұпайын жоғалтпай шешіп ізгі көршілестік пен ынтымақстыққа жол ашу - қиынның қиыны еді. Отандық дипломатия бұл сыннан абыроймен өтті.

Айта кетерлік жәйт, сол 1994 жылға дейінгі кезеңде қытайлық карталарда Шығыс Қазақстанның Балхаш көліне дейінгі жерлері Аспанасты империяның тарихи меншігі ретінде белгіленіп келген болатын. Ал шекара жайлы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен уағдаластықтан кейін, сол кездегі Қытай басшысы Цзян Цзэмин: "Бұдан былай аталған карталар түзетіліп екі арадағы шекара мызғымастығы мәңгілік сақталады", - деп ашық мәлімдеді.

Рас, келіссөздер жүріп жатқанда соншама асығудың қажеті не, он-жиырма жыл кідіре тұрайық деген сыңайда сыни пікірлер айтылды. Бірақ сол сөздерге еріп жыл сайын емес, күн сайын күшейіп келе жатқан айдаһармен шекара мәселесін кейінге шегерсе арты не болар еді? Әлемнің екінші алыбына айналған Қытайдың жаңа басшыларының дәмесі қандай болар еді? Меніңше, айтпаса да түсінікті. Өткендегі қытайлық сайттың шекара жайлы дөрекі мәлімдеме жасауы ондай ауру амбициялар жайлы түсінік береді.

Ал енді келісімге қол қойылғаннан соң және ол Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркеліп, халықаралық заң мәртебесін алғаннан кейін ықтимал арандатулардың жолы кесілді. Бұған әлгі басы дауға қалған сайт бойынша Қазақ сыртқы істер министрлігі Қытай тарапына арнайы наразылық нотасын жолдағаны, соның негізінде ресми Пекин атышулы жариялынымды өшірткені дәлел. Ендеше Қытаймен, бертін келе Ресеймен, Орталық Азиядағы көршілермен арада шекара мәселесінің дер кезінде әрі біржолата шешімін тапқаны - Қазақстанның сөзсіз жеңісі деп бағалауға негіз жеткілікті.

Расул Жұмалы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар