19 мам, 2020 сағат 06:12

Ресей журналисі Соловьевқа қарсы петицияға 200 мыңнан астам адам қол қойды

Тележүргізуші Владимир Соловьевті "Магнитский тізімі" бойынша Еуро одақ пен АҚШ аумағына кіруге тыйым салуды қолдап, Италия азаматтығын беруге қарсылық білдірген петицияға 200 мыңнан астам адам қол қойған. Петиция Change.org платформасында жарық көрген.

Петицияны 2019 жылы қазан айында православ священник-эмигранты Сергий әкей итальян тілінде жариялаған. Ол Италияның ішкі істер министрі мен Италия халқына үндеу арнап, "Соловьёв агрессияшыл риторикасымен жастарды азғырды. Соның әсерінен жастар жеке әскери бөлімдерге қосылып, Сирия мен Украинаға қару көтеріп кірді" деп жазды.

Сергий әкей "тележүргізушінің мәлімдемелері ксенофобия мен экстремизмге толы болса да Путиннің диктаторлық режиміне жақындығына байланысты жазасыз қалып отыр" деп санайды.

Петицияда "Соловьев Италияда үйі мен ықтиярхаты бола тұра Ресей телеарнасында демократиялық құндылықтарға және Еуропа одағының құндылықтарына қарсы үгіт-насихат жүргізіп келеді" дейді.

Италия билігінің өкілдері петиция жайлы пікір білдірген жоқ. Ал Соловьев "петиция қызықтырмайтын" айтты. 

"Россия 1" телеарнасы жүргізушісінің Италиядағы Комо көлі жағасында екі вилласы бар екені, біреуінің бағасы миллион доллардан асатыны, сонымен қатар Италияда тұруға ықтиярхаты бар екені Ресей оппозициясының өкілі Алексей Навальныйдың зерттеуінде айтылған.

2017 жылдың сәуірінде Владимир Соловьевтің Алматыға келіп, "көшбасшы болуды үйрететін шеберлік класын өткізбек болғанына" байланысты Қазақстан қоғамында да түрлі қарсылық пайда болған

Қарсы пікірдегілер Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін "Соловьев Украинаның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерді қолдаушылар қатарында болғанын, мұндай адамның Қазақстанға келуі дұрыс емес" деп санайтынын білдірген.

Алайда мұндай пікірлерге қарамастан Владимир Соловьев Алматыға келіп, "шеберлік сабағын өткізіп" кеткен.

2018 жылы шілдеде Владимир Соловьевтің телехабар кезінде "Қазақстан Каспий теңізіндегі әскери базаларын АҚШ-қа беріп қойды" деп мәлімдегені де Қазақстан назарын аударған, бір аптадан соң Астана бұл сөзді теріске шығарған.

Азаттық