24 сәу, 2020 сағат 14:23

Ресейге 11 мың маска алып өтпек болған азамат ұсталды – Қостанай облысы

Ұлттық Қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері Ресей Федерациясына медициналық маска өткізбек болған көлік жүргізушісін қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 21 сәуір күні ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комиттеті Қостанай облысы бойынша департаментіне қарасты «Қайрақ» шекара бөлімінде болған. Шекараның бақылау бөлімі бастығы Өмірбек Қуатовтың айтуынша, күдікті иіс сезгіш иттің көмегімен ұсталды. 

«Күнделікті әскери қызмет барысында заң бұзушылық әрекетінің беті ашылды. Еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан шекарадан заңсыз медициналық масканы алып өтпек болған азамат ұсталды. Мемлекеттік нөмірі В844 ЕУО «Мерседес» маркалы жүк көлігі «Алматы-Екатеринбург» бағытында жолға шыққан. «Қайрақ» шекара қызметкерлері иіс сезгіш иттердің көмегімен оның 11500 дана масканы заңсыз алып өтпек болғанын анықтады. Шығын көлемі 1357000 теңгені құрайды», - деді Өмірбек Қуатов.

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. Тәркіленген медициналық маска Экономикалық бақылау басқармасына жөнелтілді.