25 нау, 2020 сағат 12:13

Сәбиге Корона деген есім қойылды

Үндістанның Уттар Прадеш штатында сәбиді коронавирус құрметіне атады. Қызға Корона есімі берілді, деп хабарлайды Dessan Herald.

Қыздың ағасы Нитеш Трипатидің айтуынша, коронавирус өте қауіпті, бірақ адамдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына жағдай жасаған. Салауатты өмір салтын ұстануға итермелегенін алға тартты. Ол қазіргі уақытта дүрбелең туғызбай, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асу керек екенін айтып отыр. 

"Сәби адамдардың вируспен күресінің символы болады", - деді ол.

Корона бұл өңірде коменданттық сағаттың енгізілуіне бірер сағат қалғанда дүниеге келген.

Еске сала кетсек, Қытайдағы жаңа вирус туралы өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп, оған COVID-19 ресми атауын берді.

Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 79 адам коронавирус жұқтырған.