14 мам, 2020 сағат 22:45

Сапалы заңнамалық жұмыстың нәтижесі

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның жобасы қоғамда талқылау мен келісудің ұзақ үдерісінен өтті. Заң жобасының тұжырымдамасын таныстыру сатысында еліміздің бірнеше қалаларында қоғамдық тыңдаулар, түрлі онлайн-алаңдарда пікірталастар өтті. Мәжілістегі жұмыс тобының қызметіне танымал қоғам қайраткерлері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты. Заң жобасы халықаралық ұйымдар тарапынан да оң баға алды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо заң жобасын дайындау процесінің ашықтығын, «жанды талқылаудың» болғанын атап көрсетті. 

Ол заң жобасының алғашқы редакциясына қатысты қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің айтқан кемшіліктері мен ескертулерін жоюға мүмкіндік берді. Журналистер іс-әрекетіне қатысты барлық шектеулер алынып тасталды, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Сарапшылар кеңесі ұсынған бейбіт жиналыстар еркіндігі жөніндегі басшылыққа алынатын алты қағидаттарының бірі болып табылатын «жиын өткізу пайдасына презумпция» қағидасы енгізілді.  

Заңға пикетті қауіпті инфрақұрылым нысандарының маңынан өзге кез келген жерде өткізуге болатыны жөнінде нормалар енгізілді. Әкімдіктерге митингтерді өткізуге арналған орындар тізімін және олардың бос болуы туралы шұғыл ақпаратты интернетте жариялау жұмысы жүктелді. Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың алдын ала ескерту қағидаты бекітілді, ал оларды өткізу үшін ұсынылатын өтінімді беру мерзімі бес күнге дейін қысқартылды (1995 жылғы бұрынғы заңда ол 10 күнді құрайтын).  

Заң жобасын Сенатта талқылау барысында оған азаматтардың бейбіт жиындарды өткізуге деген құқықтарын әлдеқайда кеңейтетін және митингтерді ұйымдастыру мен өткізудің тәртібін жеңілдететін өзгерістер де енгізілді.

Біріншіден, жиындар мен митингтерді өткізу үшін арнайы орындар саны белгіленді – олардың саны қала аудандарының әрқайсысында үштен кем болмауы керек, бұл жерде әңгіме тек  орталыққа жататын бөліктер туралы болып отыр. Осылайша, арнайы орындар саны Нұр-Сұлтанда 12-ден, Алматыда – 24-тен, Шымкентте – 12-ден кем болмайды.  

Екіншіден, митингтерді ұйымдастырушылардың міндеттерінің тізімі 13-тен 10-ға дейін қысқартылды. Атап айтқанда, жиынға қатысушылардың өз беттерін киім немесе бетпердемен жабуға тыйым салатын норма жойылды. Керісінше, Covid-19 індетінің таралуына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, митингті ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға жеке қорғаныш құралдарын, мәселен, медициналық бетпердені қолдану құқығы қарастырылды. 

Үшіншіден, бейбіт жиындарды өткізуге рұқсат бермеу негіздерінің тізімі 13-тен 10-ға дейін қысқартылды. Мысалға, ол қоғамдық қауiпсiздiкке, сондай-ақ көлiктiң, өзге де инфрақұрылым объектiлерiнiң қалыпты жұмыс iстеуiне, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуына және митингке қатыспайтын азаматтардың қозғалысына кедергі туғызатын жағдайда митинг ұйымдастырушыларына рұқсат берілмеуі туралы нормаға қатысты. Бұл қағида заңнан кең түсіндірілуіне байланысты алынып тасталды.

Сонында, бейбіт жиынды тоқтату үшін негіздердің тізімі 7-ден 6-ға дейін қысқартылды. Митингке жекелеген қатысушылардың тарапынан қоғамдық тәртіпті бұзу оны тоқтатудың негізі бола алмайтыны туралы норма қарастырылды. Әрине, бұл бұзушылық уақытында жойылуы тиіс.  

Осылайша, заң жобасын дайындаушы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ашықтығы, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен Парламентте өткізілген сапалы заңнамалық жұмыс «Митингтер туралы» жаңа Заңның Қазақстанның қарқынды демократиялық дамуындағы, плюралистік, ашық және бәсекеге қабілетті қоғамдық-саяси ортаны қалыптастыруындағы едәуір ілгерілеуі туралы айтуға мүмкіндік береді.

Жанар Түлендинова,

ҚР Президентінің жанындағы

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің 

бас сарапшысы