06 сәу, 2020 сағат 11:57

Сапарбаев Таразда зират маңында салынып жатқан аллея құрылысын тоқтатты

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Тараз қаласын аралап, облыс орталығын абаттандыру жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы алдымен әл-Фараби және Төле би көшелерінің қиылысындағы аллея құрылысы басына барды. Жоба авторларының айтуынша, мұнда ұлы ойшылға ескерткіш орнату және қала тұрғындарының тынығуына арналған аумақты абаттандыру шаралары жоспарланған.

Алайда, Тараз қаласының бір топ тұрғындары бұл құрылысқа қарсылық білдірді. Олардың бірқатары Бердібек Сапараевқа саябақ құрылысын басқа орынға ауыстыру туралы жүгінген болатын.Тұрғындар зираттың жанында орналасқан аумақта ескі жерлеу орындарының болуы мүмкін екендігін алға тартады.

Аймақ басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа тұрғындардың белсенді өкілдерімен кездесіп, бұл мәселені жан-жақты саралауды, ортақ ымыралы шешімге келуді тапсырды. Ал, оған дейін мердігер компания барлық жұмыстарды тоқтата тұруы тиіс.