26 ақп, 2020 сағат 13:10

Семейде Құнанбай Өскенбайұлына арналған көрме ашылды

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Көрегенді көсем, парасатты шешен, ел қамқоры – Құнанбай» атты көрме ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Көрменің ұйымдастырылуындағы негізгі мақсат – дүйім жұртқа Абайдың әкесі Құнанбай қажының өмірі жайлы тереңірек таныстыру.

Құнанбай Өскенбайұлы би, аға-сұлтан және көрнекті қоғам қайраткері болған. Оның әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы тобықты руын билеген беделді кісі еді. Құнанбай әуел баста аядай ауылдағы елді басқарып, кейіннен дәрежесі артып, аға-сұлтан атанған. Бүгінгі көрмеге қойылған тарихи жәдігерлер оның өмір жолы туралы сыр шертеді. Музейге келушілер назарына қажының жеке заттары, күміс белбеуі мен тақиясы қойылған. Экспонаттардың жалпы саны – 70-ке жуық.

«Абайдың 175 жылдығына орай ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлына арналған көрме аштық. Мұнда сол кезеңнің тыныс-тіршілігін бейнелейтін көптеген экспонаттар ұсынылған. Бұдан бөлек, қажы жайлы жазылған кітаптар мен мұрағаттық басылымдардағы түрлі мақалалар қойылды. Бұл көрме халыққа хәкімнің әкесі туралы көп мағлұмат алуға мүмкіндік береді», - дейді музейдің жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Санақбекқызы.

Көрменің салтанатты ашылуы барысында академик Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабының тұсаукесері өтті.

«Бүгінде шаһардың барлық оқу орындарында Құнанбайдың өмірі туралы баяндайтын бұл кітаптың таныстырылымы өтіп жатыр. Өскелең ұрпақ үшін сол кезеңнің тарихымен танысу өте пайдалы болмақ», - дейді Абай атындағы музей директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Тұрдыкүл Қасенұлы.