05 сәу, 2020 сағат 15:57

Шымкентте бір, Қарағандыда үш науқастың жағдайы ауыр

Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған бір адамның жағдайы ауыр. 12 науқастың жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы Шымкент қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Әбдіманап Түгелбаев айтты.

Бұл қалада барлығы 14 адамнан вирус табылған. 5 сәуірде бір адам қайтыс болды. Ол Мәскеуден Алматы жүк көлігімен бара жатқанда ыстығы көтеріліп, Шымкентке жеткен соң жедел жәрдем шақырған. 28 наурызда ол Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Кейін жағдайы күрт нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ер адам 5 сәуір түн ауа қайтыс болған. Денсаулық сақтау басқармасы марқұмның бұрын туберкулезбен ауырғанын, пневмония мен қант диабеті шалдыққанын айтады. Коронавирус оның жағдайын қиындатып жіберген.

Ал Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, аймақта коронавирус жұқтырған үш науқастың жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы орташа ауыр. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Басқарма төрт науқас та бұрын коронавирустан көз жұмған қарағандылықпен байланыста болғанын айтады.

5 сәуірдегі дерекке сай, Қарағанды облысында 31 адамнан вирус табылды. Оның біреуі қайтыс болды.

Қазақстанда қазір 569 адамнан коронавирус табылды. 36 адам дерттен айықты. Алты адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сәуірдің алғашқы он күнінде елде вирус тарау шегіне жетіп, кейін азая бастайды деп болжайды. Министрдің есебінше, елде 3500 адамға вирус жұғуы мүмкін.

Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. Елдің басым бөлігінде карантин.