28 мам, 2020 сағат 22:42

Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті әйел індетті жоққа шығаратындарды сақтануға шақырды

Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті әйел алғаш рет сұхбат беріп, басынан өткен жағдайды баяндап берді. Екі баланың анасы аурудың бар екеніне сенбейтіндерді салғырттық танытпауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Қауіпті дертке шалдыққан жүкті әйел отбасымен бірге оқшауланып, ауруханада екі аптадан аса ем қабылдаған. Кейін тағы 15 күндей үй карантиніне жатқызылған. Үшінші перзентіне жүкті келіншек бір ай бойы қауіпті індетпен алысқанын айтады. 36 жастағы Ирина бүгінде ай күні жақындап қалған. Оған инфекция күйеуінен жұққан. Сонымен қатар екі баласынан да вирус анықталып, бүкіл отбасы мүшесі оқшауланған. Емдік шараларын жүргізу үшін дәрігерлер бір жанұядағы науқастарды провизор станционарына жатқызған. 

«Ауруханаға түскенде кішкентай балаларымыз арнайы кастюмдегі дәрігерлерді көргенде қорқып кетті. Осы кезде біз баларымызға қарап, әкесі екеуіміз мықты болуға тырыстық. Уақыт өте келе қауіпті дертті жеңіп шықтық. Мен жүкті болғандықтан, дәрігерлер менің және іштегі шаранамның жағдайын ерекше бақылап отырды. Ең бастысы, инфекция ішімдегі балаға әсер етпепті», - дейді Ирина.

COVID-19-дан жазылып шыққан келіншек қазір балаларына барынша көңіл бөліп жүр. Бір сәт болсын, бала-шағасын қараусыз қалдырғысы келмейді. Отбасы қауіпті індеттен толығымен айығып шыққанымен, келіншектің үрейі әлі басылмаған. 

«Біз коронавирустан жазылып шықтық. Бірақ ауруханадағы карантиндік жағдайды ойласам, үрейленген кезім бірден есіме түседі. Кішкентай балалармен жан жағы жабық төрт қабырғаның ішінде жату қиын болды. Бұл жағдайды бастан өткізбей, ешкім түсіне алмайды. Аурудың бар екеніне сенбей жүрген азаматтарға айтарым, салғырттық танытпаңыздар. Өзіңізді ойламасаңыз да, басқаларға зияныңыз тимесін», - дейді Ирина.

Қала бойынша ол сияқты жүкті әйелдердің арасында індет расталған 15 жағдай тіркелген. Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен, Шымкентте инфекцияға шалдыққандардың саны күн санап артып барады. Мамандар мұның себебін жоспарлы тескерумен байланыстырады. 

Айта кетейік, бүгінге дейін Шымкентте вирусты инфекцияны жұқтырудың 730 жағдайы тіркелген. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі 50 жасқа дейінгі азаматтар. Ал COVID-19 диагнозын жеңіп шыққандар саны 241 адамға жетті.