25 нау, 2020 сағат 14:37

Шымкентте вирус жұқтырған науқаспен бірге автобуста 51 адам болған

Шымкентте вирус жұқтырған адаммен бірге Нұр-Сұлтаннан бір автобуспен 51 адам келген. Олардың 35-і табылып, оқшаунланған. Қазір 16 адамды іздеп жатыр. Бұл туралы 25 наурызда Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Шымкентте коронавирус жұқтырған бірінші адам 24 наурыз кешкісін анықталған. Ресми дерек бойынша, 1996 жылы туған адам қалаға бірнеше күн бұрын автобуспен Нұр-Сұлтаннан келген. 25 наурызда Шымкентте екінші адамнан вирус табылды.

Қазір Шымкенттің кіреберісіне 12 блокпост қойылды.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. ​Осыдан кейін екі қалада оқитын я уақытша жүрген адамдар өз қалаларына жаппай қайта бастаған.

Қазір Қазақстанда 80 адамнан вирус табылды: Алматыда - 31 адам, Нұр-Сұлтанда - 41 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.