11 қыр, 2018 сағат 07:08

Шындық қашан жарқырайды?

Премьер– министрдің қабылдау бөлмесінде үшеу отыр: Жағымпаз, Өтірікші, Шындық. Жағымпаз жылы жымиып қояды. Қабылдауға қалайда кіретініне сенімді. Көмекшінің көлеңкесін құшақтады, туфлиін сүртіп берді, иығына қонған масаны ұшырды...

Үкімет басшысы алдында не мәселе көтеретінін де білмейді. Бар білетіні– жымия беру. Көздерін жыпылықтату, мүләйімсу... Тағы не қалды өзі? Басқа ештеңе білмейді. Кофе пісірім уақытта Жағымпаз үкімет қабылдауында болып, бір сағат дегенде әрең шықты.

Өтірікші шенеунік те өзіне сенімді. «Біз бақытты елміз! Елде қайыршыларды итпен іздеп таба алмайсың, кедейлер жоқ, халық шетінен байып кеткен, кейбірі кедей болуға ниеттенсе де, қолдарынан келмей жатыр. Жемқорлықтың тамырынан қан шығып кеткен. Жер сатылып жатқан жоқ. Біз бақыттымыз! Салықтың сан алуан түрлері келсе де, елдің еңсесі түскен жоқ,»–деп өтіріктің өрігін жейтін болады. Әне, ол да үкімет басшысынан мәз болып шықты. 

Шындық премьерге кіре алмады. Оған биліктегі «билеп» жүргендер: «Біздің елде шындық жоқ!» –дейсіз өзіңіз... Сіз жоқсыз. Жоқ бола тұрып, қалай кіресіз? Алдымен «бар» болып келіңіз»,– деп шығарып салды. Шындықтың айтары көп еді! Әне, Шындықтың шляпасын шаң басып, еңсесі езіліп бара жатты...

Мұхтар Шерім. Бүгінгі сатира.