31 шіл, 2018 сағат 09:44

Сіз қозғалсаңыз, сең қозғалады, Әсет Исекешов мырза!

ЖОЛПОЛ ЖӘНЕ ЖОЛПҰЛ

Астанадағы Қабанбай атындағы даңғылдың әуежай жақтан келе жатқанда «Азия паркке» дейінгі бөлігі – «Атаман Анненковтың азап вагоны».

Осы бағыттағы екі жолдың бірі автобус жолы да, қалған машинаның бәрі бір жолдың бойымен ілбіп отырады. Осындай интенсивті трассада бүкіл машина біткенге бір жол ғана беріп қою – автомобилистің қанын ішудің классикалық үлгісі.

Шынында да бұл жол жүргізуші біткенді тозаққа үйретудің таптырмас құралына айналды. Өйткені, оң жақтағы автобус жолы көбіне ашық тұрады. Аш ішектей созылған кептелістің қолдан жасалып тұрғанына күйіп кетесің. Шыдамның да шегі бар. Бұрын жол бойындағы бағаналарда қаздай тізіліп тұрған фотоаппараттан қорқатын жүргізушілер қазір одан да қаймықпайтын болды. Саналы түрде! Төзімі таусылған жүргізушілер соңғы кездері жол тәртібін жиі бұза бастады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды.

Оң жақтағы бос жатқан жол – жол бойында қол көтеріп тұрған сұлу келіншектей өзіне тартады да тұрады. Көздің жауы. Содан болар, алтын уақытының әр минутын бағалап үйренгендер ашық жатқан жолға түсіп алып аңыратуды әдетке айналдырып алғалы қаш-шан?!

Бұл жерде «Іздегенге – сұраған» принципі әдемі жұмыс істей бастағанын байқамау мүмкін емес. Екі-үш апта болды, Жолполдың құдайы беріп тұр. Орта тұста аңдып тұрған полиция қызметкерлері «жол ережесін бұзушыларды» топырлатып тоқтатып, айыппұлды бұрқыратқанда құдай сақтасын! «Риза» боласың! «Кәсіби шеберліктеріне»!

Торға түскен торғайдың күнін кешкен жүргізушілерде таңертеңсін есеп жоқ. Кінәлі болған жерде ресми айыппұл да, «бармақ басты, көз қысты» айыппұл да салына беретіні – кездейсоқтық емес, заңдылық. Гаишниктің де қу тамағы бар екенін жүргізушілер жақсы білетінін сол жолпол қызметкерінің өзі де жақсы біледі. Сондықтан да ойлайсың: осының бәрі әдейі қолдан жасалған нәрсе емес пе?! Рас айтамын, «Халықтың қалтасын қағудың тағы бір құралы» дегеннен басқа ой келмейді. Ойбай-ау, Құдайдың бізге берген жері бәрімізге жетіп артылатын сияқты еді ғой. Құдай тарылтпағанды не ғып Жолпол тарылтып тастағанын?! «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген пәлсәпаның нақ өзі. Басқа ештеңе де емес. Амалсыз автобустың жолымен келе жатып, алыстан «жолполшыларды» көргендегі жүргізушінің түрін көрсеңіз. Күлкіден өлесіз. Заңдастырылған машина толы жалғыз жолға қалай кіріп кетерін білмей жанталасқан жүргізушінің бұл тірлігі агонияға түскен Распутинді көз алдыңа алып келеді. Тыпырлап қалған жүргізуші жол апаты ситуациясын жасап жатқанын біле тұра, түк істей алмай пұшайман бола қалатынын күнде көз көріп жүр.

Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл бір бәлеге ұрындырмай тынбайды. Өркениетті елдерде кез келген нәрсе адамның қолайлы өмір сүруі үшін жасалады. Бізде керісінше. Соншама сорлы болуды неге дәл біздің маңдайымызға жаза береді?! Көзге шыққан сүйелдей осы сүйкімсіз проблема тез арада шешілу керектігі дәлелдеуді керек етпейді.

Сондықтан да тығыз уақытыңыздың тоғыз минутын түйіні қиын осы мәселеге бөлуіңізді сұраймын, Әсет Исекешов мырза! Сіз қозғалсаңыз, сең қозғалады! Әйтпесе, жолпол жолпұлын айырып тұрғаны тұрған! Мәңгілік! 

Шархан Қазығұлдың фейсбуктағы жазбасынан