27 мам, 2020 сағат 23:35

SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесін ұшыру кейінге қалдырылды

Илон Масктің SpaceX компаниясына тиесілі Dragon ғарыш кемесін ұшыру кейінге қалдырылды, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Екі ғарышкерді алып Халықаралық ғарыш стансатына аттанатын кеме ұшырылымы ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Екінші рет ұшыру уақыты сенбі, 30 мамырға белгіленген. 

Бастапқыда, ұшыру 28 мамырда елорда уақытымен сағат 02:33-ке белгіленген еді. Осы уақыт сақталмаса, ғарыш кемесі ХҒС-мен түйісе алмайды. Өйткені станса Жер бетін сағатына 27 мың шақырым жылдамдықпен айналып ұшады.

Dragon ғарыш кемесін Falcon 9 зымыран тасығышы АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығының LC-39A старт алаңынан алып ұшуы тиіс болатын. 

Компанияның алғашқы ғарыш кемесі Dragon-ды ұшыру және оған әзірлеу сәті SpaceX пен NASA сайттарында және әлеуметтік желідегі парақшасында төрт сағат бұрын тікелей режімде көрсетіле бастаған еді. 

Экипаж мүшесі Дуглас Херли мен Боб Бенкен бұған дейін екі рет ғарыш миссиясына қатысқан. Олардың жұбайлары да NASA астронавты.