29 қаң, 2020 сағат 11:50

СТУДЕНТТЕР ЖАЗҒАН ХАТ

 

Кәрі орыс мұсылман болмайды деген мәтел бар. Жасы үлкен адамның өзгермейтінін меңзесе керек. Олар жарты ғасыр бойы қандай тәрбие көрді, соны жазады. Жаңаша ойлау жоқ, қалыптасқан сүрлеуімен жүреді. Ал, жастардың ойы мөлдір. Былғанбаған, тас боп қалыптаспаған. Сондықтан онда өтірік, көлгірсу, артық сөз болмайды. Жастар шұбыртып көп те жазбайды, ойына не келсе, соны сол күйінде сыйлайды. Соны оқи отырып, қазіргі жастардың санасында не бар екенін білесің. Ал, олар сіз бен бізге хат жазып жатыр. Ол қандай хат?

Жасы 17-ден жаңа асқан студенттер ойы мен көзқарасын хатқа түсіріп, ол жинақталып кітап болды. Қаңтардың 25-інде «Жамбыл» жастар кітапханасында СДУ университетінің «Шабыт» қаламгерлер клубынан жарық көрген 5 кітап көпшілікке жол тартты. Кітап «SAMGA» баспасында басылып, KITAPAL дүкенінде сатылып жатыр.

 

Сонымен, жастар не дейді? Олар шынайы кіршіксіз сезімді сағынады ("Сағындым ғой"), ішке қонған асыл сөздер мен таза ойларын сыртқы әлемнен жасырмайды ("Жасырмаймын"). ЖОО табалдырығын аттап, мамандық таңдаған сәттен бастап мына жалған өмірдің сырына үңіледі ("Өмірдің мәні не?"), жан-дүниені төңкеріп, тулатқан, алыста қалған ата-ана, бауырларына деген махаббатты жырлайды ("Мені өзгерткен махаббат"). Сосын позитивті ойларын қағазға түсіріп жас та болса өз түйгендерімен бөліседі ("Мен сені жақсы көрем,Өмір"). Осы бес кітап жас қаламгерлерді жазушылық әлемнің есігінен кіргізіп, әрдайым шабыт сыйлайтын бойтұмарына айналады десек артық айтқанымыз емес.

 

Таныстырылымға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚызПУ, Асфендияров атындағы медициналық университет студенттері қатысып, олар да «Шабыт» клубымен бірігіп кітап шығармаққа келісті. Ғажап емес пе! Жақсы бастамаға әрдайым сәттілік тілейміз. Жазар көбейсін, қаламдарың ұштала берсін, жас қаламгерлер! Қазақты әлемге танытатын заңғар жазушы болуларыңды асыға күтеміз.

Мирас Кесебаев