27 мам, 2020 сағат 18:12

Талдықорғанда дүниеге келген үшемдер перзентханадан шықты

Бүгін Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталды орталықта дүниеге келген үшемдер үйіне шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған перзентханада 27 сәуір күні ұл балалардың екеуі 1 келі 800 грамм және бірі 2 келі салмақпен туған. Облыстық перинаталды орталықтың директоры Қанат Жұмашев перзентханадан шығатын кезде сәбилер 500 грамға дейін салмақ қосқанын айтты.

«Балалар кесір тілігі арқылы дүниеге келді. Перзентханада бір ай бойына үшемдер мен анасының денсаулығын қатаң бақылауға алдық. Өйткені уақытынан бұрын дүниге келгендіктен кез-келген уақытта қиындық тууы мүмкін. Қазір денсаулықтары жақсы, жағдайлары қалыпты», - деді перзентхананың бас дәрігері. 

Балалардың ата-анасы Иманғабыловтар Ескелді би ауданына қарасты Алдабергенов ауылдық округінің тұрғындары. Анасы 33 жастағы Маржан Иманғабылова мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Бұған дейін екі баланы дүниеге әкелген Маржан енді көпбалалы ана атанды.

Ескелді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Роза Ибраева үшемдерге қажетті медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

«Үшемдердің күтіміне орта медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстайды. Сонымен қатар үшемдерді балаларға арналған тамақпен қамтамасыз ететін боламыз»,- деді бас дәрігер.

Айта кетейік, биыл жалпы Алматы облысының үш отбасында үшем дүниеге келді.