18 мам, 2020 сағат 06:28

Танымал журналист Бейсен Құранбек өмірден озды

Белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.

Бейсен Құранбектің денсаулығы сыр беріп, біраз уақыттан бері асқазанын емдетіп жатқаны туралы айтылып жүрген болатын.

Ұзақ уақыт емделген азаматты ақтық сапарға ертең 19 мамырда облыстық деңгейде шығарып салады.

Әлеуметтік желідегі парақшасында қалдырған соңғы жазбасында ол үш нәрсені терең түсінгенін жеткізген.

"Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деп жазды ол.

Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "Байлық - қолға ұстаған мұз, бақыт - басқа қонған құс, бала - артта қалар із, бұл өмірдің қызығы - Сіз бен Біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін сезінгенін айтты.

"Бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!", - деп жазды журналист. 

Ол еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. 

Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 

2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 

2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 

2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 

2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды. 

Бейсен Құранбек кісілік келбеті, адамгершілік қасиетімен айналасына қадірлі бола білді. Ол БАҚ саласындағы ең жоғары марапат - Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты да атанды. Ізін жалған іні-қарындастарына қамқор аға, қызметте - білікті маман, әріптестеріне сыйлы азамат еді.

Оның жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгілік сақталмақ.

Ұлт порталының ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туысының, әріптестерінің ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Арыстай азаматтың жатқан жері жарық, топырағы торқа боп, рухы пейіштің төрінде шалқысын!