17 қыр, 2017 сағат 12:24

Таста таңбаланған тарих

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты  мақаласында Отан тарихында бұрын-соңды қолға алынбаған жаңа бағдарламалар мен жобаларды атқаруды ұсынды. Әрине, оның ішінде тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мен зерделеу бағытында «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы біз үшін ерекше.

Жасыратыны жоқ, Атырау облысындағы киелі жерлерді анықтау мақсатында осы кезеңге дейін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Дегенмен, облыс тұрғындарының 90 пайызынан астамын жергілікті қазақтар құрайтынын ескерсек, халқымыз әу бастан киелі немесе қасиетті орындардың қай жерде болғанын естен шығарған емес. Тіпті, күні кеше ғана тарих сахнасынан өткен кеңестік кезеңде салт-дәстүрдің бәрі «көнені көксеу» деп шектелген, шеттетілген заманда да халқымыз әулиелі жерлерге барып, тағзым етуін тоқтатпады. Осы тұста ескере кетер бір жайт, көшпелі қазақтардың түсінігіндегі басты киелі жер – ата-баба қабірі немесе зираты болып саналды.

Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қабірдің басы ас беру мен зиярат ететін және өзге де діни-ғұрыптық рәсімдер мен жоралғылар жүргізілетін орын болды. Солардың қатарында қазақ қоғамындағы құқықтық қағиданың бірі ант беру жоралғысы жүргізілді. Халық аузындағы деректерде осы рәсімге байланысты «қабір тасын төбеме тік көтеріп тұрып серт беруге бармын» деп келтіріледі және бұл жай айтыла салған сөз емес, нақты  жүзеге асқан. Анттасуға жиналғандар қабірден алынған тасты төбелеріне қойып, ант етіп, моланы айналған.

Әулие деп заманында ерекше діндарлығымен, көріпкелдігімен, емшілігімен көзге түскен адамды және оның бейітін айтты. Өлкемізде мұндай әулиенің атауына «ата» терминін қосып айту үрдісі сақталған. Мысалы, Оңай ата, Байбақты ата… Мұндай жерге ауырған адамдар шипа іздеп барса, бала болмағандар балалы болуды тілеп түнеген. Әрине, бұл жағдайлардың көпшілігі ертеректе болды деп айтқанымызбен, жергілікті халық тарапынан әулиеге бару, оған сиыну және оның жанына түнеу үрдісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Бұл – қазақтардың әлімсақтан бері сақталып келе жатқан әдет-ғұрпының бірі.

Осыған орай, Атырау жері ежелден киелі, яғни, әулиелі орындарға толы мекеннің бірі екендігін айтқан жөн. Мұны халық жадында сақталған аңыз-әңгімелермен қатар, тарихи деректердің өзі дәлелдей түседі. Соңғылары XVIII ғасырдан бастап хатқа енген. Мәселен, 1732 жылы Астраханнан Хиуаға тыңшылық керуенмен аттанған патшалық Ресейдің офицері И.Гербер Ұшқан ата қорымының ортасындағы әулиенің қабіріне керуенде болған мұсылмандар табынып, ақша тастап, түнде шырақ жағатынын атап өтеді.

Сол сияқты, 1769 жылы Атырау жеріне зерттеу экспедициясымен келген П.С.Паллас  Гурьев қаласынан батысқа қарай екі шақырымдай қашықтықтағы әулие жатқан гипсті төбені қазақтар қасиетті жер санап, қайтыс болған адамдарын әкеліп жерлейтіндігін жазады. Бұл жер шамамен қазіргі Ноғай мола қорымына сәйкес келеді.

Сонымен қатар, Атырау жеріндегі ертеден танымал тарихи және киелі жердің бірі  – Сарайшық қалашығы. XVIII ғасырдың ортасында П.Рычков Сарайшық қалашығында «атақты адамдардың» қабірі болды десе, 1824 жылы А.Левшин қазақтардың құрбан шалып, әулие тұтатын моласы ескі бекіністе, яғни, қалашық орналасқан жерде деп сипаттады. 1861 жылы Сарайшыққа зерттеу жұмысын жүргізген топограф А.Алексеев жоғарыда А.Левшин көрсеткен қазақтар әулие тұтатын жердің «хан моласы» аталатынын және ол жерді Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір татар саудагерлеріне ағаш шарбақпен қоршатқандығын мәлімдейді. Сонымен қатар, А.Алексеев Сарайшық қалашығының маңында қазақтар мен татарлар әулие тұтатын тағы екі зират бар екенін атап өтеді.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы аймақты картаға түсіру мақсатымен келген топограф Алексеев – 2 жазбаларында Атырау жеріндегі киелі орындардың бірі Ақмешіт пен Құлшан ата мешіттерінің сипаттамасымен қоса, олардың қолмен салынған суреттері де берілді.

1874 жылы Атырау жеріне мұнай іздеп келген Д.Кирпичников Қарашүңгілдегі көлдің ортасындағы гипсті төбені қазақтар моланың үстіне төсеу үшін қолданатындығын және бұл жердің әулие саналатындығына орай  көптеген мазарлар бой көтергендігін жазды.

Өлкеміздегі киелі жерлерге қатысты деректер жоғарыда жазылған тарихи мәліметтермен ғана шектелмейді, оның негізгі бөлігі көшпелі қазақтардың атадан балаға беріліп отыратын аңыз әңгімелерінде сақталған. Соның нәтижесінде бізге Жылыой өңіріндегі Ақмешіт қорымындағы Бекет ата мен Құлшан ата жерасты мешітінің киелілігі, Ұшқан ата мен Қарашүңгіл қорымдарындағы, сондай-ақ, Мақаттағы Оңай, Байбақты ата, Қызылқоғадағы Мәтен қожа мен Сұлтануәйіс аталардың әулиелігі жөнінде мәліметтер жетті.

Сол себепті өлкеміздегі киелі жер саналатын әулиелердің бейітін немесе өзге де тарихи оқиғаға байланысты жерлерді және оған қатысты деректерді жергілікті халықтан жақсы, артық білетін адам болмайды. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы «Қорғанша» ғылыми орталығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп қазіргі уақытта осы бағыттағы деректерді іздестірумен қатар, киелі орындарды анықтау мақсатында облыс көлеміне арнайы экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде аудандарға жіберген сауалнама бойынша бірқатар мәлімет  жинақталды.

Сондықтан, аудан мен ауылдың аумағындағы киелі жерлер, яғни, әулиенің бейіті, ескі мекеннің немесе мешіттің орны, үңгірлер немесе емдік қасиеті бар тұзды көл, атақты батыр, биге байланысты немесе осыған ұқсас жергілікті халық киелі тұтатын жерлер болса, біздің мекемеге atyrau_inspeksia@mail.ru поштасы арқылы мәлімет жіберуді сұраймыз. Барлық жинақталған материалдар келесі жылы үлкен жинақ кітапшасы ретінде баспадан жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Мұхамбетқали  КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау,

қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының  басшысы