28 нау, 2020 сағат 00:27

Тоқаев "Қалаулым" бағдарламасына қатысты тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қалаулым", "Қалауым сен" атты бағдарламаларға қатысты тапсырма берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Берік Уәли соңғы кездері республикалық арналардан шығып жатқан "Қалаулым", "Қалауым сен" бағдарламаларына қоғам тарапынан қарсылық көбейіп кеткенін атап өтті. Оның пікірінше, оған бұл бағдарламалардың халқымыздың менталитетіне, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына қайшы келуі себеп болып отыр.

"Азаматтар әлеуметтік желілерде қол жинап, бағдарламалардың жабылуын талап етіп, БАҚ беттерінде түрлі сыни мақалалар жарияланып жатыр", - дейді ол.

Берік Уәли мемлекет басшысы аталған бағдарламаларға қатысты қоғамның ұстанымын білетінін айтты. Соған сәйкес тапсырма берілген.

"Халықтың пікірі ескеріліп, арналардың да саясатына нұқсан келтірілмей тиісті шешім шығарылады", - деп түйіндеді президенттің баспасөз хатшысы.