12 там, 2019 сағат 09:33

«Президент 2.0» деректі фильмі (толық нұсқа)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатының негізіндегі «Президент 2.0» деректі фильмі желіде жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

«21 шілдеде «31 арнадан» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатының негізінде «Президент 2.0» деректі фильмі көрсетілген еді.

Әңгіме барысында Қазақстан Президенті өзінің өмірбаянына, дипломатиялық қызметіне және жеке ұстанымдарына қатысты сұрақтарға ашық жауап берген болатын.

«31 канал» осы сұхбатты өздерінің YouTube арнасына орналастырған екен. Көрмей қалғандар болса, Ютуб арнасынан көрулеріне болады», деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.


Шілденің соңында "31 арна" Қазақстанның жаңа басшысы туралы "Президент 2.0" деректі фильмін көрсетті. Тоқаев 1988 жылы Қытайда жемқорларға өлім жазасын орындаған сәтке куә болғанын мойындады. Сондай-ақ мемлекет басшысы өзінің мінезін сынайтындарға жауап берді.

"Мен өзімді өзгертпеймін. Осы қалпымда қабылдаңыздар", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев 30-жылдары өз отбасының басынан өткен қайғылы оқиғаны баяндады. Президенттің айтуынша, атасы нан табуға кетіп, үйіне оралмаған. Әкесі ағасы Қасыммен бірге балалар үйіне, содан кейін майданға аттанған. Тоқаев 30-жылдары Қазақстанда болған ашаршылыққа орыс халқының қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.

Президент алғашқыда ел басқару үйреншікті жағдай болмағанын айтты.

"Әсіресе, көпшілік жиналған іс-шараларда үйреншікті болған жоқ. "Президент, президент" дегенді естігенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қалған шығар деп ойлайтынмын. Бірақ бұл уақытша ғана нәрсе екен, жақсы нәрсеге тез үйренесің", - деді Тоқаев.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында мемлекет басшысы қызметінен кетті. 9 шілдеде өткен кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланды (ол 70,96% сайлаушының қолдауына ие болды).