27 мам, 2020 сағат 13:52

Тұрғылықты мекенжайы жоқтар арасында 2 адам коронавирус жұқтырған – Сағынтаев

Алматыда өткен онлайн брифинг барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың арасынан да 2 адамда коронавирус анықталғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімінің айтуынша, оларға арнайы қалашық жасалып, өмір сүруге қолайлы орта жасалған. 

Кейбір БАҚ беттерінде қалашықта коронавирустан қайтыс болғандар бар екендігі айтылған болатын. 

«Наурыздың аяғында осындай азаматтарды жинап, оларға арнайы шатырлы қалашық ашылған болатын. Ыстық тамақ, жуынатын бөлме, барлығы қамтылды. Бірақ, бұл адамдар бір орында тұрмайды екен. Оларды ұстап отыруда қиындықтар болды. Бір адам қайтыс болған. Бірақ, ол коронавирустан емес, арақты көп ішкеннен қайтыс болды. Дәрігерлер олардан талдау алғанда екі адамда коронавирус бар екендігі анықталды. Олар емделіп шықты. Карантин режимі аяқталғанда, қалашық таратылды», - деді қала әкімі.