14 қаң, 2020 сағат 07:10

Түркі әлемінің ұлы ойшылы

«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында Еуразия Жазушылар одағының басшысы Якуп Өмероғлудың «Түркі әлемінің ұлы ойшылы» атты мақаласы жарияланды.  "Ұлт ақпарат" мақаланың толық мәтінін ұсынады.

Абай Құнанбайұлы – заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қазақ мәдениеті үшін де, бүкіл түрік әлемі мәдениеті үшін де маңызды тұлға. Ол қазақ тіліне, жалпы руханиятына, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетіне жаңашылдық пен байлық әкелді, қаламының күшімен әлемді таңғалдырды. Өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақ мәдениеті мен түрік мәдениетін әр қырынан танытты.

Абай Құнанбайұлы – заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қазақ мәдениеті үшін де, бүкіл түрік әлемі мәдениеті үшін де маңызды тұлға. Ол қазақ тіліне, жалпы руханиятына, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетіне жаңашылдық пен байлық әкелді, қаламының күшімен әлемді таңғалдырды. Өлеңдерінде де, қара сөздерінде де қазақ мәдениеті мен түрік мәдениетін әр қырынан танытты.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын атап өту туралы шешімі барша қазақ халқы мен түрік әлемін қуантып, жазушылар мен ақындардың көңілінен шыққаны белгілі.

Қазақ әдебиетінің жетекші өкілі ретінде ақын әрі ойшыл Абай Шығыс және Батыс классиктерімен жете таныс болған. Ол – шығыстан шыққан Науаи, Хафиз, Низами, Фузули сияқ­ты ақындардың шығармаларынан нәр алып, орыс әдебиетінің алдыңғы қатар­лы тұлғаларының еңбектерін оқып, сол арқылы батыс әдебие­тін түсі­ніп, оны еліне жеткізген ұлы тұл­ға.

Абай араб және парсы әдебиетімен де жақсы таныс. Осман әдебиетін де біледі. Өнегелі отбасы мен дәстүрлі мектепте білім алуы жетістігінің басты кілті. Көптеген шығармасында Шығыс пен Батысты, әсіресе поэзия мен риториканы жақсы үйлестірді. Ұлтының құндылықтарын бейнелеп, оларды әлемнің басқа мәдениеттері мен құндылықтарына салыстыруды мақсат етті. Оның еңбектері орыс тілі секілді шетел тілдеріне аударылған.

Абай он үш жасында әкесі Құнан­байдан әкімшілік пен басқару тәжі­рибесін үйреніп, әкімші және мемлекет қайраткері болуға қадам жасады. Халқының және қоғамның мәсе­лелерін ерте аңғарды. Тіпті сол кезең­де де жұртшылыққа ұтымды, шынайы көзқарасы және әділдігімен танылды. Оның өлеңдерінде халық­тың ұлт­тық және рухани құнды­лықтары, дүниетанымы, қоғамның проблемалары нақты көзқараспен жазылған.

Абай – ақын және ойшыл ғана емес, әдебиеттанушы да. Ол Қазақ­станның тарихи кезеңдеріндегі қоғам мен әдебиет тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізген ғалым. Қара сөздері мен өлеңдерінде халықтың қателік­терін сынайтын сыншы фило­софия­лық идеяларын әділет пен әділет­сіз­дік, адамгершілік, өнер, әдебиет, риторика және ғылыми сала­лар­да ұсынатын қоғам инженері сияқты.

Абайдың ақылы, қоғамды ағарту, кеңес беруі тек қазақ халқы үшін жазылмаған. Ол бүкіл түрік әлеміне жол көрсететін тұлға десек артық айтқандық емес. Хакімнің тату түркі әлемін құру идеалдарын іске асыруымыз керек. Ол – бүкіл түрік әлемі мо­йындайтын, ұстанатын және түсінетін ұлы және білімді тұлға.

Түркі әлемінің тұтастығы тұрғы­сынан қарастырсақ, Абайды абыз және біріктіруші элемент, бағыт беруші десек қателеспейміз. Осы орайда, Абайдың идеалды тұлғасын түркі әлеміне одан әрі таныту маңыз­ды мәселе саналады. Абай Құнан­байұлын Түркияда насихаттау мақ­­сатында 2020 жылы Еуразия Жазушы­лар одағы түрлі іс-шара өткізу­ді жоспарлап отыр. Солардың бірі ретінде Абай туралы ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері жинақталған кітап шығармақпыз. Екі жыл бойы әзірленген бұл туындыға Түркиядағы ғалымдардың Абай туралы жазған түрлі мақаласымен қатар, Қазақстанда зерттелген тақы­рып­тардың түрікше нұсқасы да енбек.

Бұл жинақ Памуккале универ­сите­ті­­нің профессоры Нергис Бирай­дың жетек­шілігімен дайындалды.

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнал­ған бұл ерекше кітаптың тұсауке­сері түркі әлемі үшін маңызды қызмет атқаратын Халықаралық Түрік академиясы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ынтымақтастығы нәти­жесінде оқырманға ұсынылмақ.

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Түркияның түрлі уни­вер­ситеттерінде де таныстырылу рәсімі өтеді. Осылайша, Түркияның жастары Абайды етене тани түспек.

Сонымен қатар Түркі әлемінің бірлескен әдеби журналы Kardeş Kalemler Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы нөмір дайындайды.

Түрік халқы Абай туралы біле отырып, ұлы ойшылды да, оны туған қазақ халқын да ерекше сүйеді және құрметтейді. Ұлы ойшыл және ақын Абайға Алланың ізгілігі болсын.

Якуп Өмероғлу,

Еуразия Жазушылар одағының басшысы

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін