22 мам, 2020 сағат 09:18

Түркіменстан билігі мектеп бітіру кештеріне тыйым салды

Ресми түрде коронавирус табылмаған Түркіменстанда оқу жылының аяқталуына байланысты өтетін салтанатты кештер өтпейтін болды. Әлемде коронавирус індеті өршіген шақта енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты билік түсініктеме бермеді. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлык радиосы) хабарлады. 

Агенттіктің жазуынша, мектеп бітіру кештерін өткізбеу туралы шешім 20 мамырда қалалық білім беру департаментінің отырысында жарияланған. 

Ашғабат мектептерінің бірінде жоғары сыныпта оқитын бірнеше оқушы Азаттық тілшісіне "мұғалімдер бітіру кештері өтпейді деді, бірақ себебін түсіндірмеді" деп айтқан.

Азаттықтың жазуынша, Ашғабатта медициналық тексеруден өту үшін емдеу мекемелерінде кезекке тұрған адамдар көбейген. Мұның алдында үкімет халықты жаппай тексеруден өткізу туралы жоспарын жариялаған. 

Түркіменстан - Орталық Азияда ресми түрде коронавирус тіркелмеген жалғыз мемлекет. Бірақ тәуелсіз БАҚ пен ашықтықтың жоғын алға тартқан сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.