06 сәу, 2020 сағат 21:19

Түркістан облысында бір тәулікте тағы 5 адам індет жұқтырған

Түркістан облысында бір тәулікте тағы 5 адам індет жұқтырған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай жөніндегі штаб мәлімет таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арнайы штабтың хабарлауынша, коронавирусқа шалдыққандардың қатарында екі жасар сәби мен екі жасөспірім бар. 

«Арыстық 2018 жылғы сәби, Кентау қаласының 1982 жылғы, 2003 жылғы, 2005 жылғы тұрғындарынан алынған талдама нәтижелері бойынша олардың вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы Шымкентке Нұр-Сұлтан бағытындағы 076 пойызбен келген Жетісайлық азаматшамен байланыста болған науқастардың жақын туыстары. Ал, бесінші науқас 1990 жылы туған Жетісай ауданының тұрғыны» делінген хабарламада.

Айта кетейік, өңірде қазір 33 адамнан коронавирустың белгілері табылған. Жетісайда - 12, Кентау-5, Ордабасы-1, Сайрам-2, Мақтаарал-4, Арыс-6, Сарыағаш-1 тұрғыны індетке шалдыққан.