20 мам, 2020 сағат 10:45

UEFA індетке қарамастан 2021 жылдан үшінші еурокубок ойындарын өткізбек

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, 2021/22 жылғы маусымнан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан бөлек тағы бір клубтық жарыс – Конференциялар лигасын ұйымдастыруды көздеп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Британдық The Guardian басылымының жазуынша, бұл туралы UEFA басшысы Александер Чеферин мәлім еткен. 

«Біз 2021/22 жылғы маусымнан бастап Конференциялар лигасын өткізуді бастаймыз. Оны кейінге қалдырмаймыз», - деп атап өткен Чеферин. 

Конференциялар лигасының топтық кезеңінде сегіз топқа бөлінетін 32 команда ойнайды. Квартет жеңімпаздары ақтық жарыстың 1/8 кезеңіне өтеді, екінші орын еншілеген командалар Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған клубтармен плей-оффқа шығу үшін бәсекелеседі. Жарыс жеңімпазы келесі маусымда Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алады.