11 қаң, 2019 сағат 09:41

Ұлттық арнада "Ұлы дала сазы" жобасы басталады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті. 

Баспасөз мәжілісіне «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, термеші, әнші Айгүл Елшібаева,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай қатысты.

Музыкалық жобаның мақсаты - Атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу.

Басқарма төрағасы Ерлан Қарин: «Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық өнерімізді бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау, рухани мұра ретінде сақтау біздің парызымыз. Ұлттық арнадан жақында шығатын  «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз. Жалпы музыкалық жоба 17 концерттен тұрады, узақтығы 1 сағат. Ұлттық арнадан 13 қаңтардан бастап, 28 шілдеге дейін аптасына бір рет әр жексенбі кешкі сағат 21.05-те көрсетілетін болады. «Ұлы дала сазы» жобасы 2018 жылдың қараша айында түсірілген болатын, бұл жобада 177 шақты шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты.  Оның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы өз өнерін көрсетті. Ендігі кезекте, осы жылдың наурыз айының басында бірінші түсірілімге қатыса алмаған бірқатар өнерпаздарды тағы да таспаға түсіруді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, бұл жобадағы барлық шығармалар «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Алтын қорына» енетін болады», - деді.

Айта кетейік, Ұлттық арнадағы «Ұлы дала сазы» жобасына еліміздің дәстүрлі өнер майталмандары Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова және т.б қатысады. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.