24 шіл, 2017 сағат 07:02

Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» – деді Елбасы өз мақаласында. Тұңғыш қазақ партиясы – «Алаш» партиясынгың құрылғанына 100 жыл толуына орай облыстық мәслихат депутаты, өнер мен мәдениет жанашыры Орал Сартаевтің бастамасымен «Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт атты экспедициясы бір апта бойы Баянауылды аралап, ұлы тұлғаларға тағзым етті. Осы уақыт ішінде салт атты саяхатшылар 550 шақырымнан аса қашықтықты жүріп өтті. Сапар Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргнлдинов пен «Нұр Отан» партиясының Баянауыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауан Жантелиевтің қолдауымен жүзеге асты.

Баянауыл жұрты мемлекет басшысының идеясын қолдап, туған жердің қадір қасиетін жастарға ұғындыру мақсатын ұстанды. Салт атты саяхатшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Әліғазыұлы: «Біз Баянауыл жұрты талай даналарымызды дүниеге әкелген қасиетті топыраққа тағзым етеміз. «Нұр Отан» партиясы – «Алаш» партиясының заңды жалғасы. Сондықтан да бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке біз, ұрпақтары, жетіп отырмыз. Баянауылдың елжанды, асқақ рухты азаматтарының бастамасыменұйымдастырылып отырған осынау шара – туған жердің қасиетін асқақтата, аспандата түсері сөзсіз» – деді. Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұрат Рахметовтың ақ батасымен жолға шыққан саяхатшылар Лекер қажы Құрымбайұлы ауылына жол тартты.

Сапардың алғашқы күніндеғұмырында екі рет басты парызын өтеген, дүние-мүлік, байлық жимай, ақыл-парасатымен, көрегенділігімен ортасына сыйлы болған Лекер қажы ата аруағына құран бағыштады. Одан әрі жазушы, «Алаш» партиясының мүшесі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылда болды. Саяхатшылар тобын аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов, ауыл әкімі Руслан Мұқашев және ауыл ақсақалдары қарсы алды. Әулиелі Қызылтау бауырында орын тепкен қасиетті мекенде облыстық көкпар турнирі ұйымдастырылды. Тартысты турнирде Май ауданы «Саты» ауылының  командасы топ жарды. Жеңімпаздарды салт атты шеру мүшелері марапаттады. Көкпар бәсекесінде бақ сынаған ең жас команда жергілікті жердің 10-11-ші сынып оқушыларынан құралған команда болды. Облыс көлемінде олжа салып жүрген сайыпқыран палуандармен иық тірестіре өнер көрсеткен жастар көпшіліктің ықыласына бөленді.

Салт атты шеруде атқа қонған өлкетанушы, шежіреші Рамазан Нұрғалиев өлкенің тарихымен таныстырды. Алдымен Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында атақты Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайға үш жүздің басын қосып Ерейментауда ас берген жиында, мың үш жүз аттың ішінен шашасына шаң жұқпаған жүйрік тұлпарды жазбай таныған Қозған Күреңбай сыншының  мәңгілік жай тапқан мекенін көрсетті.

Сыншы бейітінен Хазірет қыстағына жол тартқан шеруге алыстан Мәдидің Үшқарасы менмұндалап тұрды. Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы мен Жүсіпбек ауылын Түндік өзені бөліп жатыр. Рамазан Дінісұлы Хазірет қыстағындағы ескі жұрттың орнын көрсетті. «Бұл жер ескі медіресенің орны. Бұны Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқыған Әбілда хазірет Исабекұлы Күлік руының бай-қуатты азаматтарының көмегімен салдырған. Бұл медіреседе Жүсіпбек Аймауытов пен Қадыр Тайшықов сауат ашқан» - деді өлкетанушы. Бұл медіресенің тағы бір ерекшелігі қыз балалардың да білім алғандығы. Күлік елінің азаматтары қыздарының да көзі ашық болғанын басты назарда ұстаған. Саяхатшылар осы маңдағы  Әкімбек бейітіне де тәу етті.

«Жүсіпбек Аймауытов дүниеге келген Дәндебай ауылы қазіргі ауыл тұрған жерден он екі шақырымдай қашықтықтағы Қараның адыры деген жерде. Дәндебай ауылы қолөнершілікті аса жоғары деңгейде дамытқан. Сол кезеңдерде «Дәндебай көрпелері», «Дәндебай сырмағы», «Дәндебай тымағы» деген сөздер көп айтылған. Сол Дәндебайдан Оймауыт, Торғауыт, Әбдіраман, Иса, Оспан деген бес ұл туады. Бес ұлдың үлкені Оймауыт Жүсіпбектің әкесі» – деді Рамазан Нұрғалиев.

Қазақ театрының атасы Жұмат Шанин дүниеге келген Күркелі ауылына жол тартқан атты саяхатшылар жол бойында орналасқан Майлытондардың ескі қорымында жатқан марқұмдарға құран бағыштады. Салт атты серілер Әнет тауы етегінде орналасқан Мақаш қыстауына түнеді. Ертеңіне қыстау иесі Сүтжан Кәрімовтың жол бастауымен ескі мешіт орынымен танысты. «Бұл жер Нұрғали молла мешітінің орны. Нұрғали өз заманында Тройцк медіресесін бітірген бес қазақтың бірі. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Құлболды-Майлытоннан мұғалім мен молдалардың көктеп шығуының сыры осында» - деді осынау өлкенің тарихын жастайынан танып өскен Сүтжан Кәрімов.

Қыстау маңында қазақтың  тағы бір асыл перзентінің бейіті орналасқан. Екібастұз атауының пайда болуы мен әйілі көмір кенішінің ашылуына тікелей септігі тиген геолог, дала академигі Қосым Пішенбаев осы қыстау маңында жерленген.

Мақаш қыстауынан аса бере Әулиебұлақтан сусынын қандарған жолаушыларға, атты сапар басшысы Орал Рахмашұлы осы маңның сырын баян етті: «Бұл жер біздің аталарымыз Ақбура Қарқынбай мырзаның қонысы болған. Осы маңда «Қарқанбайдың сабасын» білмейтін қазақ жоқ. Шоң би Сүйіндіктің атынан Қаракесек Қонысбайға ас береді. Сол аста қонақтарды қымызбен қамтуды біздің атамызға жүктейді. Төрт құла айғырдың терісінен жасалған сабаның жан жағынан кереге тартылып, киіз үй құрылған екен. Сол сабаны үш атты жігіт тұрып пісетін көрінеді. Ас барысында қымыз бір сәт те үзілмей жетіп тұрған. Мейрамның бес баласына түгелдей жетті дейтін көрінеді ел. Сабаны толтыру үшін 300 бие сауылған». Сонымен бірге Әулиебұлақ басында Ақбурадан шыққан әулиелерге ескерткіш тас орнатылған.

Топ мүшесі, «Мақай сері» атанған қолөнер шебері Мақсұтбек Көпжасаровтың айтуынша, өткен ғасырларда Баянаула десе осы өңірде ғұмыр кешкен дәулеті мен сәулеті қатар келіскен, мал мен бақ қатар біткен Ақтай болыс бірден ауызға ілінетін болғанын айтты.

Сапардың екінші күні Күркелі ауылына жеткен сал-серілік дәстүрді жалғаушы топты ауыл әкімі Таңат Сағынтаев пен ауыл ақсақалдары қарсы алды. Бүгінгі күннің серілері ауыл өнерпаздары ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты.

Жұмат Шанин дүниеге келген Шана қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағына өтіп кесе де, режиссер атындағы ауыл дара дарыннның есімін елеусіз қалдырмаған. Мектеп атауы да ақын, «Алаштың» арда азаматы Қошке Кемеңгеровтың есімін иеленген. Осынау өңірде суырып салма ақындар Қобылан Бөрібайұлы, Тиыштығұл Манабайұлы, «әнді ерттеп, күйді мінген» әншілер Жарылғапберді Жұмабайұлы, Қали Байжанов дүниеге келген.

Күркелі ауылының балғындары асық ойнын шебер меңгергенін көрсетті. Ептілік пен дәлдікті, шапшаңдықты талап ететін ойын жеткіншектердің дұрыс жетілуіне ықпал етеді.

Рух жоқшылары мен ұлттық болмысты іздеген серілер сапардың үшінші күні тектілердің мекені – Жаяу Мұса ауылына – Жаңатілек ауылына келіп түсті. Оларды Жаңатілек ауылдық округінің әкімі Жабай Мұсабаев пен ауыл ақсақалдары күтіп алды.

«Ақ сиса» поэмасында Ғалым Жайлыбай:

...Көкірегі жыр-көрік,

Құшақ жайған бауыр көп.

Жаяу Мұса жыр болып,

Жаяу Мұса ауыл боп...

... Өтер-өтпес бекер күн,

Жапырағымды жаям да.

Мен келермін, кетермін –

Баян іздеп Баянға» - деп жырлағандай, бабалар дәстүрін дәріптеп, баянсыз тіршіліктегі бауырластықты бақыт деп білетін бүгінгінің серілерін ақын ауылы ақынның өзіндей болып, сөзіндей болып қарсы алды.

Меймандар алдында сөз алған Жабай Жанәбілұлы: «Жаңатілек ауылының аумағында әйгілі әнші, композитор, ақын Жабай Тоғандықов пен Жаяу Мұса Байжанұлы, құсбегі, аңшылар Шолақ Омарұлы, Ысқақ Үпәнұлы, Ұлы Отан соғысының батыры Бақыт Хайдаров, жазушы Зейтін Ақышев сынды қазақтың марқасқалары дүниеге келген. Сол бабаларымыздың атына кір келтірмеуге тырысып, кейінгі ұрпақ өсіп-жетіліп келеді» - деді. Қонақтар құрметіне қиссашы, 80 жастан асқан ауыл ақсақалы Имаш Қожамбердин «Еңлік – Кебек» жырын жатқа айтты. «Мен еш қаріп танымай, мұғалім алдын көрмей өстім. Тек үлкендердің басқосу, жиындарында естіген жыр, қиссалардың жаттап алып отырдым. Қазақ біздейлерді «Құймақұлақ» деп атаған» - дейді Имаш ата.

Мерекелік ән-жыр кешінен кейін, ат спортына деген алабөтен ықыластарын танытқан ауыл азаматтары арасында аударыспақ турнирі өтті. Ат үстіндегі белдесуде қарсылас шыдатпаған экспедиция мүшесі облысқа танымал атбегі, палуан Бақытжан Жүнісов бірінші орынды жеңіп алды.

Ертеңіне осы ауылда тыныққан сапаршылармен бірге ауыл әкімі Жабай Жанәбілұлы бастаған үш салт атты Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында орналасқан Бұқар жырау кесенесіне бет алды. Атты топқа Қайырбек Кәкенов есімді желаяқ та ере шықты. Ол Мұрынтал бөлімшесіне дейін 40 шақырымға жуық қашықтықты жаяу жүгіріп өтті.

Ұлыларға тағзым етушілер Олжабай батыр, әулие Мәшһүр Жүсіп дүниеге келген Далба тауының етегінен тебіреніспен өтті. Жергілікті халық бұл тауды Тотия тауы деп атайды. Экспедиция мүшесі, Жаңатілек ауылының тұрғыны Алдамжар Алтынбек ағамыздың айтуынша, таудың бұлай аталу себебі, Қаракесек руының Тотия есімді қызы бұл елге келін болып түскен екен. Тотия – біздің Бабыр атамыздың анасы. Ақыл-парасатымен елдің анасына айналған ақылман әйел дүниеден өтер шағында ұрпақтарына: «Мені мына таудың басына жерлеңдер, төркініме қарап жатайын», - деп өсиет еткен екен. Содан бері ұрпақтары тауды ұлы аналарының есімімен атап кеткен екен.

Атты саяхатшылар Мұсаның шоқысында болып «Көлінде Жасыбайдың сайран салып, Баян әнін Ақбеттен асқақтатқан», «Аттыдан жаяу жүріп кегін алған» – Жаяу Мұса Байжанұылның зиратына зиярат етті. Бұдан әрі салт аттылар «Қазыбек би сөресі» аталып кеткен жерге ат басын бұрды. Бұл жерде 1764 жылы Қазақ хандығының аса ірі мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би қайтыс болған. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерленгенше, көктем шығып жер аяғы кеңейген уақытқа дейін ел-жұрт бидің денесін осы жерде сақтаған екен.

Сөреден сәл қашықта Едіге би дау-жанжалда билік айтқан, төрелік еткен, жорық алдында жауынгерлерге бата берген тұғыр-тас тұр. Ел ағасы Жабай Мұсабаев сол тасқа шығып сапаршыларға ақ батасын берді.

Есімі ел жадында сақталған бабаларын ұлықтап жүрген ұрпақтары, ел арасында асқан көрегендігімен танылған, қара суды теріс ағызатын қасиетке ие тылсым күш иесі болған Айдаболдан шыққан асыл әулие Қараман абыздың ғұмыр кешкен мекенінде болып, дұға бағыштады.Сондай қасиет бойына дарыған дархан даланың тағы бір перзенті Құдайберген Ботанұлының бейітіне «Әумин!» - деп бет сипады. Түйені шөктірмей-ақ бір аттап мінетін алып денелі Құдайбергенді ел арасында «Мәстек абыз» деп атап кеткен екен.

Сапардың бұл күні Бұқар жыраудың кесенесіне тәу етумен аяқталды. Саяхатшылар жырау атындағы мұражаймен танысты. Бұқар жыраудың ұрпақтары ас беріп, құран бағыштады.

Сапардың бесінші күнінде саяхатшылар Қаныш Сәтбаев дүниеге келген Теңдік ауылына бет алды. Түс ауа Айрық қыстауына түсіп сусындаған экспедиция мүшелерін ағайынды үш жігіт қарсы алды. Бір шаңырақ астында үш абысын тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің қалпын бұзбай сақтап отырған ағайындыларда ат көп, абысындарда ас көп. Берекелі шаңырақтан қымыз ішіп шөл басқан топ Сәтбай Шөтікұлының жұрағаттары жерленген қорымға соғып, марқұмдар рухына құран бағыштады. Бұл зиратта ұлы академиктің әкесі Имантай жерленген.

Бұдан әрі «Имантай қорасы» деп аталатын жазықта төбе басында орнатылған белгітасқа бұрылды. Алыстан менмұндалайтын бұл белгітас ұрпақ жадына мәңгілік ескерткіш. Себебі бұнда «Қаныш Сәтбаевтің дүниеге келген жері» екендігі жазылған. Аттылар алдағы жылы 120 жылдық мерейтойы келе жатқан Алаштың біртуар ұлына жасалар құрмет те ерекше болар деген сеніммен аттанды.

Академик ауылы – қазіргі Теңдік ауылының сыртындағы қабірстанға да арнайы бұрылған экспедиция осы қорымда жерленген Қаржас руынан шыққан атақты би Шорман Күшікұлының үлкен ұлы Мұса Шорманов рухына дұға бағыштады. Мұса мырза Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Ол Баянауылда тұңғыш мешіт салдырған әрі би, әрі шешен.

Ауылға жеткен серілерді ауыл ақсақалы Серік Аутаев бастаған оннан аса салт атты ауыл азаматтары қарсы алды. Ақ жаулықты аналарымыздың шашу, қошеметіне бөленген топ академик атындағы мектепке түсті. Экспедиция басшысы Орал Сартаев пен Алдамжар Алтынбек Ұлы Отан соғысында мерт болған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мерекелік кешке ұласқан ұлағатты шара, академик музейін аралаумен жалғасты.

Ауыл ақсақалы Серік Аутаев қадірлі меймандардың алдында немересін тұңғыш рет атқа отырғызып, қазақтың «Ашамайға мінгізу» дәстүрін дәріптеді. Ұлттық ойындар да назарға ұсынылып, ауыл азаматтары теңге алу сайысына түсті.

Теңдік аулының Көкдомбақ бөлімшесінде түнеген саяхатшылар алтыншы сапар күні Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне бағыт алды. Жолда Үкібай би Найзабекұлының мазарына тоқтап, құран бағыштады. Үкібай би 1833 жылы Баянауыл округінің құрамына кіретін Сатылған-Алтынторы болысының басшысы болып сайланған аузы дуалы шешен. 1839 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының жарлығы бойынша Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан болыстар ыдыратылып, басқа болыстарға таратылып берілді. Бұл іске Үкібай араласып, Сатылған-Алтынторы болысын ыдыратпай аман алып қалған. Сөзге тапқыр, от ауызды, орақ тілді шешен биді Шоң би қадыр тұтқан екен.

Үкібай би мазарын артқа тастап ілгері жүрген салт атты саяхатшыларға Үштаған тауы» «Жолдарың болсын!» - деп тұрғандай болды. Жігіттер ошақтың үш бұтындай, тағаның үш емшегіндей әсер қалдырған Үштаған тауының  етегінде тұрып үш жүз бен үш жұртының береке-бірлігін тіледі.

Жаңажол ауылына жеткен саяхатшылар Мәшһүр Жүсіп мешітінде болып, құран оқыды. Артынша Мәшһүр Жүсіп Көпеев мектебінің оқушыларымен кездесті. Жеткіншектер өз өнерлерін көрсетті. Оқушылар салт атты серілерді «Атамекен» әнін шырқап тұрып шығарып салды. Экспедиция мүшелері осы ауылда тұратын Мәшһүр атаның үлкен ұлы Мұхамед-Шарапиденнің қызы бүгінде 89 жасқа толған Зарауха анамызбен жүздесіп, батасын алды.

Ескелді басында ақын, философ, шежіреші, халық ауыз әдебиетін жинақтаушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп аруағына бағыштап құрбандық шалды. Тағы бір қызық жайт: Ескелдіге барар жолда Рамазан Адамбеков астындағы «Сары» арғымағын басқа атпен аластырып жетекке алған болытын. Кесенеге жеткен соң аяғын тұсамыстап қоя берген. Біраз уақыттан кейін барлық топ мүшелері суретке түсетін болып аттарымен қоса жинақтала бастаған. Ақылдысын қараңыз, шеткері барып қатарласа тұра қалған өзге аттардың қасына бағанағы «Сары» да «Мені неге қалдырып барасыңдар» дегендей сапқа кешігіп барып қосылған сарбаздай кимелеп келіп тұра қалды. Есті жануардың көңіл сүйсіндірер қылығына сапаршылар мәз болысып қалды.

Сапардың жетінші күнінде серілер Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылына жол тартты.Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылының маңында орналасқан ел ішінде Әбжалап әулие атанған Жұматай Тышқанбайұлының бейітіне аялдап, құран бағыштады. Әулие атанған Жұматай ауру-сырқау жандарға, мүсәпір, кедей-кепшікке қамқор болған жан. Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен аса сыйлас болған. Ел ішінде Мәшһүр атаға: «Сенің денең шірімейді, менің денем жерде қалмайды» – депті – делінетін аңыздар кең таралған.

Алдағы жылы 125 жылдық мерейтойы келе жатқан алаштың арда ақыны, небәрі 27 жыл ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылында болып, ақын атындағы мұражаймен танысты. Шоң би мешітінде болды. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған ақынның кесенесінде арнайы құран бағыштады.

Бұдан әрі Торайғыр және Жасыбай көлдерін жағалай жүріп Арғын тайпасының Бәсентин руышыққан Жасыбай батыр Өмірұлының (шамамен 1716-1741 жылдары өмір сүрген)бейітінде болды.Жасыбай Баянауыл өңірін қалмақтардан азат етуде үлкен ерлік көрсеткен батыр.

Бір аптаға созылған салт атты саяхат Баянауылға келіп жетіп, өңіріміздегі ерекше табиғи ескерткіш «Кемпіртасқа» тоқтады. Келесі күні Баянауыл ауданына ресіми іс-сапармен келген Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа экспедиция басшысы және идея авторы, облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев осынау шараның мәні мен маңызын және мақсатын айтып өтті. «Бұл тек атпен жүріп өту сапары емес. Тоқтаған әр ауылда мәдени-спорттық іс-шаралар өтті. Баянауылдан шыққан ұлы тұлғаларға тағзым еттік. Сапар барысында, «Бұлақ көрсең көзін аш», – дегендей жас таланттарды таптық. Жаңажол ауылында болғанымызда 4-5 мектеп оқушысы ат үстінде түрлі трюктер жасаған Бақытжан Жүнісовке қызығып, өздері де үйренгісі келетінін айтты. Біз оларға күзде келетінімізге уәде еттік. Сол уақытқа дейін оларды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үйрететін болды. Міржақып бабамыз «Оян, қазақ!» – деп ұран салып еді. Біз де қалғып кеткен қазақты оятайық деп ниет еттік. Қазір мал бақса да, далаға шықса да көлік мінеді. Атқа мінетін жастар азайып барады. Қазақ аттан түспеуі керек. Аталарымыз «Атқа мінбеген таққа да мінбейді» – деп бекер айтпаған ғой» – деді Орал Рахмашұлы.

Сондай-ақ Орал Рахмашұлы бастаманы қолдаған аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов пен «Нұр Отан» партиясы Баянауыл аудандық филиалы төрағасының орынбасары Рауан Жантелиевке, сапардың басынан аяғына дейін ат үстінде жүрген экспедиция мүшелері аудандық мәслихат депутаты Алдамжар Алтынбекке, Жаяу Мұса ауылының тұрғыны Рамазан Адамбековке, Жұмат Шанин ауылының тұрғындары атбегі, құсбегі, палуан Бақытжан Жүнісов пен қолөнер шебері, «Мақай сері» атанған Мақсұтбек Көпжасаровқа, жас та болса өр мінезді болып өсіп келе жатқан Саят Сарбасов пен осынау сапар үшін Алматы қаласынан арнайы келген «Ұлан» балалар басылымының тілшісі Асылан Тілегенге және Баянауыл ауданының бірқатар ұлтжанды азаматтарына алғыс білдірді.

«Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт аттылар сапары алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге. Әр ауылда болған сапар сайын жалқыға, ұлттық өнерге, ұлттық спортқа деген қызығушылығы оянған жастар көптеп кездесті. Сол жас өскіндердің азамат болып қалыптасуына жол ашар осындай ауқымды шара әлі де жалғасын табатын болады.

P.S: Бір апталық саяхат аяқталып, баяғы күйбең тіршіліктің арнасына қайта түсуге аса зауқымыз соқпай, «Қайран сері бабалар! Сал дәуреннің қадір-қасиетін төмендетпей, сауық құрып, һас өнерімізді сақтап жүрген екенсіңдер ғой» – деп, ат үстінде өткен қызықты сәттерді көз алдымыздан өткіздік тағы. Қош айтысып, қол бұлғап кете бардық. Сенімді серігіміз болып, жолда қалдырмаған «қанаттарымызды» мекеніне апарып тастадық. Жаяу Мұса ауылынан қатар шыққан Алдаберген Алтынбек пен Рамазан Адамбековтың да аттары жұптасып қайтты. Ауыл шетіне жеткен соң Ескелдіде есті қылық танытқан «Сарының» ноқтасын сыпытып жайлауына айдап жібергісі келген иесі. Арғымақ болса, бір апта сапарлас болған Алдамжар ағаның арғымағының соңынан қалмай ауылға бірақ кірді, қораға бірақ енді. Тап біздің де бір-бірімізді қимай, зорға қоштасқанымыз секілді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.

Ұлт порталы "Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы туралы циклді ақпараттарды басталған күнен бастап аяқталған күнге дейін оқырман назарына ұсынып келді. 

Ұқсас жазбалар:

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы жолға шықты (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Баянауыл – Жүсіпбек Аймауытов (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Жүсіпбек Аймауытов – Жұмат Шанин (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Жұмат Шанин – Жаяу Мұса (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Жаңатілек – Бұқар жырау кесенесі (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Бұқар жырау – Қаныш Сәтбаев (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат": Қаныш Сәтбаев – Мәшһүр Жүсіп Көпеев (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Мәшһүр Жүсіп Көпеев – Жасыбай батыр (фото)

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" салт аттылар экспедициясы аяқталды