20 мам, 2017 сағат 17:08

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" салт аттылар экспедициясы аяқталды

Бір аптаға созылған салт атты саяхат Баянауылға келіп жетті. Бес жүз шақырымнан аса қашықтықты артқа тастағын серілер тобы өңіріміздегі ерекше табиғи ескерткіш «Кемпіртасқа» тоқтады. Салт атты саяхатшыларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов пен «Нұр Отан» партиясының Баянауыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауан Жантелиев және аудан тұрғындары мен қонақтары қарсы алды.

Экспедиция басшысы және идея авторы, облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев Облыс әкімі Болат Бақауовқа осынау шараның мәні мен маңызын және мақсатын айтып өтті. «Бұл тек атпен жүріп өту сапары емес. Тоқтаған әр ауылда мәдени – спорттық іс-шаралар өтті. Баянауылдан шыққан ұлы тұлғаларға тағзым еттік. Сапар барысында, «Бұлақ көрсең көзін аш дегендей, жас таланттарды таптық» - деді Орал Рахмашұлы.

Сондай-ақ Орал Рахмашұлы бастаманы қолдап, басынан аяғына дейін ат үстінде жүрген экспедиция мүшелері аудандық мәслихат депутаты Алдамжар Алтынбекке, Жаяу Мұса ауылының тұрғыны Рамазан Адамбековке, Жұмат Шанин ауылының тұрғындары Бақытжан Жүнісов пен Мақсұтбек Көпжасаровқа, жас та болса өр мінезді болып өсіп келе жатқан Саят Сарбасов пен осынау сапар үшін Алматы қаласынан арнайы келген «Ұлан» балалар басылымының тілшісі Асылан Тілегенге және осынау игі шараны ұйымдастыруға септігін тигізген Баянауыл ауданының елжанды азаматтарына зор алғысын білдірді.

«Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт аттылар сапары алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге. Әр ауылда болған сапар сайын жалқыға, ұлттық өнерге, ұлттық спортқа деген қызығушылығы оянған жастар көптеп кездесті. Сол жас өскіндердің азамат болып қалыптасуына жол ашар осындай ауқымды шара әлі де жалғасын табатын болады.

Арнайы Ұлт порталы үшін Баянауылдан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ