26 мам, 2020 сағат 10:56

Вице-министр жұмысын бастамаған кәсіпорындардағы жалақы мәселесін айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов карантинге байланысты жұмысы әлі басталмаған кәсіпорындарда қызметкерлерге жалақысы төлеу мәселесін шешу жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, карантиндік шаралар жағдайында жұмысын қайта бастауына рұқсат етілмеген жұмыс берушілердегі қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруға және олардың еңбегіне ақы төлеуге қатысты мәселелер туындаған. Осыған байланысты қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік қызметке қатысты толыққанды шектеулер болған жағдайда, еңбек қатынастарын ресімдеудің бірнеше нұсқалары қарастырылған. 

Бірінші - қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі. Қашықтағы жұмыс шарттары еңбек шартына қосымша келісімдерде белгіленеді. Ал жұмыс беруші қызметкерді қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек.

Екінші - толық емес жұмыс күні. Жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін (күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы не осы екі нұсқада) белгілеуге құқылы.

Үшіншісі - ақысы төленбейтін демалыс. Оған қызметкердің бастамасы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Төртінші - жұмыс беруші мен қызметкердің бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты тоқтап тұруды ресімдеу. Тоқтап тұру 1 ең төменгі жалақыдан, яғни 42 500 теңгеден кем болмайтын мөлшерде төленуі керек. 

«Біз шектеулердің бар екенін түсінеміз, бизнес толық көлемде өндірістік қызметін жүзеге асыра алмауда. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық адал жұмыс берушілерге белсенді азаматтық ұстанымы, қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмыс орындарын сақтап отырған үшін алғыс айтқым келеді», – деді Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.