21 сәу, 2020 сағат 15:22

Зауреш Аманжолова: Халыққа көрсетілген көмекті ары қарай жалғастырудың маңызы зор

Мәжіліс депутаты Зауреш Аманжолова елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты халыққа көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыру керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік төлемді бөлу бойынша ел ішінде біршама катаклизмнің туындағанын көрдік. Әйтсе де Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінде бұдан бұрын АӘК төлеу тәжірибесі бар еді. Оны төлеу мәселесін де жолға қойған болатынбыз. АӘК-ті аудару кезінде де бізде дәл қазіргідей қателіктер кездескен. Кейін ол кемшіліктерді түзей білдік. Әрине мәселен Ресейде АӘК механизмін әзірлеудің өзіне 2 жыл берілетінін естіп, бір жағынан жұбанып та отырмын. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі бұл бағытта шама-шарқынша жұмыс жүргізді. Әйтсе де біздің халықтың санаттары бойынша министрлікте қажетті ақпараттық база болуы керек еді деген ойдамын», - деді Мәжіліс депутаты әртүрлі саладағы сарапшылардың онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.

Депутат коронавирус індетін және ос кездегі шектеу шараларын еңсеру оңай болмайтынын жеткізді. 

«Экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік сипатта да солай. Тіпті психологиялық тұрғыда да әр адам үшін бұл ахуал күрделі. Қазір әр адам осал. Сол себепті қазір мемлекет тарапынан халыққа көрсетіліп жатқан көмекті ары қарай жалғастыру маңызды деген ойдамын», - деді ол.

Мәжілісмен алдағы уақытта әлеуметтік салаға қаражатты ары қарай да бөлу жұмысы жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Біз тіпті осы дөңгелек үстелдегі талқының қорытындысы бойынша өз ұсыныстарымызды ортаға сала аламыз. Әсіресе шағын және орта бизнестің жағдайы аса жақсы емес. Сондықтан халыққа көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекті қаншалықты жалғастыруға болатынын айқындайтын материалдарды әзірлеуіміз керек», - деді ол.