#
#
Cәрсенбі 03/06/2020

«Зенит» зауыты – бірінші дәрежелі орденмен марапатталған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын

  • 01.05.2020
  • 0
  • 323

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралға көшірілген кәсіпорынның бірі – қазіргі «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО мемлекеттік архивінің директоры Айжан Сауғабаеваның айтуынша, 1941 жылы Орал қаласына көшірілген кәсіпорын құпия түрде «231-зауыт», «38-пошта жәшігі» деп аталды. 

СССР басшылығы жасаған «Еділ бойы (Поволжье), Жайық (Урал), Батыс Сібір, Қазақстан мен Орта Азия аудандары үшін 1941 жылдың төртінші тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарына» сәйкес Батыс Қазақстан облысына 14 өнеркәсіптік кәсіпорын көшірілді. 

Қысқа мерзімде қайта құрылған кәсіпорындар майданға аса қажетті өнімдерді бере бастады. Солардың ішінде 1941 жылдың қыркүйегінде келген К.Ворошилов атындағы №231 зауыт (Ленинград), Киев пима-киіз басу фабрикасы, Орехов автожөндеу зауыты (Украина, Запорожье облысы), сондай-ақ Землячка атындағы Мәскеу тері өңдеу зауыты (1941 жылдың желтоқсаны), Усмань механикалық зауыты (Воронеж облысы, 1942 жылдың қаңтары), Ряжск арақ-шарап зауыты (Рязань облысы, 1942 жылдың қаңтары), «Объединение» Сураж артелін (Орел облысы, 1941 жылдың тамызы) және басқаларын айтуға болады. 

Осылардың ішінде №231 зауыт әскери-теңіз флоты үшін өнімдер шығарса, бірқатар кәсіпорындар қару-жарақ, танкіге қарсы қолданылатын ыстық сұйықтық, басқа да жабдықтар жасап, техника жөндеуге маманданды.

«Красный октябрь» байпақ-киіз басу фабрикасы, мия тамыры зауыты, ет комбинаты, балық қалбыры зауыты және өзге кәсіпорындар түгелдей соғыс үшін киім тігу, қалбыр және басқа азық-түлік өнімдерін өндіру, темекі дайындауға көшті.

Архивтік құжаттарға қарағанда, кеме құрылысы өнеркәсібі халық комиссариаты жүйесіне кіретін №231 зауыт Эвакокеңестің қаулысына сәйкес Ленинградтан көшірілген. Адамдардың бастапқы легі мен жабдықтар 1941 жылғы қыркүйектің алғашқы жартысында, негізгі құрам екінші жартысында келген.

1942 жылдың 1 қаңтарына зауытта 178 түрлі станоктар мен басқа жабдықтар болған. Жұмысшылар мен қызметшілер саны – 709 адам. 

Зауыт бұрын Орал өзен пароход шаруашылығының Чапаев атындағы затонына қараған орындарда, осындағы орта мектепте, сондай-ақ облыстық автомобиль басқармасының бұрынғы ғимараттарында орналасты. Зауыттың өндірістік алаңы – 10 мың шаршы метр. Кәсіпорын көшірілгенге дейін жылына 30 млн сомның (рубль) өнімдерін шығарып отырған. Әскери-теңіз флотына қоса жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы (РККА) үшін де қорғаныстық өнімдер шығаратын зауыт жабдықтары негізінен орнатылған. Механикалық цех пайдалануға берілген. Ал құю және компрессорлық цехтар бітпеген. Құжатта зауытты толықтай іске қосу үшін 250-дей жұмысшының қажеттігі айтылады. 1060 кВт электр қуатының орнына зауыт 180 кВт тұтынған.

Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті мен ҚП(б)К облыстық комитеті бюросының қаулысымен №231 зауыттың құрылыстарын салып бітіру мен жұмысшыларын орналастыру үшін Совет (қазір Н.Назарбаев даңғылы) көшесі №164 мекенжайындағы облыстық сауда басқармасына тиесілі екі қабатты кірпіш үй, Нариманов (Сарайшық) көшесіндегі 13а мекенжайындағы облыстық тұтынушылар одағы иелігіндегі бір қабатты кірпіш үй, Дмитриев пен Шежін көшелері қиылысындағы орман қорғау және орман өсіру аумақтық басқармасына қарасты №101/63 үй, мәдениет және демалыс саябағындағы Осоавиахим облыстық кеңесі меншігіндегі тирға арналған кірпіштен салынған бір қабатты ғимарат берілген. 

1942 жылғы 21 ақпандағы тағы бір құжатта зауыттың директоры Розенштейн, бас инженері Флаксбарт болғаны айтылған. 

«Зенит» зауытынан алынған мәліметке қарағанда, кәсіпорын тарихы 1931 жылғы қазанда Ленинградта іске қосылған әскери техника жасау жөніндегі ерекше техникалық бюро тәжірибелік-экспериментальды зауытынан (ОСТЕХБЮРО) бастау алады. Талантты ұйымдастырушы Владимир Бекаури басшылық еткен кәсіпорын К.Ворошилов атындағы машина жасау зауыты (№231 зауыт) аталып, ОСТЕХБЮРО құрамына кірген «Двигатель» зауытының негізінде құрылды. Кәсіпорын радио арқылы басқарылатын миналар, торпедо үшін құралдар, авиацияға қажетті түрлі жабдықтар жасауға маманданды.

Ленинградтың құрсауға алынуына байланысты 35 вагоннан тұратын алғашқы эшелон мен 194 өндірістік жабдық 1941 жылдың 10 қыркүйегінде Оралға келді. Олармен бірге №181 «Двигатель» және «Компрессор» зауыттарының мамандары да жетті.

1941 жылы 11 қыркүйекте облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің «№231 зауытты орналастыру туралы» бірлескен шешімі шықты. Осы күн қазақстандық кәсіпорынның туған күні болып есептеледі.

Бастапқыда зауыт өзінің қазіргі орнындағы облыстық автомобиль басқармасының шеберханалары мен гаражында, сондай-ақ қаладан 12 шақырым жердегі В.Чапаев атындағы затонның кеме жөндеу шеберханаларында орын тепті.

Оралдағы зауыттың бірінші директоры болған Михаил Розенштейн 1942 жылдың тамызында Алматыға С.Киров атындағы зауытты ұйымдастыру үшін жіберілді. Ленинградтық мамандармен бірге зауытқа оралдықтар, негізінен әйелдер мен мектеп жасындағы бозбалалар орналасып жатты. 12-16 сағатқа созылған аса қажырлы ұжымдық еңбектің нәтижесінде 1941 жылдың 8 қазанында-ақ майданға алғашқы қару-жарақ жөнелтілді. 

Оралға көшірілісімен-ақ талантты инженер, суасты қару-жарағы саласындағы конструктор Николай Шамарин бастаған топ ЭТ-80 ізсіз кететін электрлі торпедосын құрастыруға кірісті. 1942 жылдың сәуірінде осы торпедоны жасауды тездету үшін үкімет тапсырмасына сәйкес №181 «Двигатель» зауыты механика құрастыру цехының бастығы Петр Атоян бастаған мамандар келді. Сол жылы шілде-тамызда электрлі торпедоның алғашқы үлгілері жасалды. Ал 1943 жылдың басында Солтүстік флотына торпедолар жөнелтілді. Соғыс жылдары барлығы 303 ЭТ-80 торпедосы флотқа жіберілді. Торпедоны құрастырған бас конструктор Н.Шамарин, В.Горбунов, Г.Жигарь 1943 жылдың наурызында бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлықтың (Сталин атындағы) иегері атанса, қырықтан астам зауыт қызметкері үкімет наградаларына ұсынылды.

Соғыс жылдары торпедолармен 1 мыңнан астам жау кемесі жойылса, оған №231 зауыт та үлес қосты. Соның ішінде зауыт торпедоларымен фашистердің «Вильгельм Густлов» алып лайнері мен «Генерал фон Штойбен» қосалқы крейсері суға батырылды. 

Зауыт флот кемелеріне түрлі үлгідегі 4 мыңдай мина дайындап берді. Миналарда дұшпанның 213 кемесі, соның ішінде 103 жауынгерлік кораблі жарылды. Соның әрбір жиырмасыншы кемесінің күлі көкке ұшуына зауыт миналары себеп болды. 

Зауыт бұдан басқа кемеге қажетті жарылғыштар, оқ-дәрілер, әуе снарядтарын, барлығы 16 түрлі жабдықтар шығарды.

1942 жылы М.Розенштейннің орнына Запорожье облысы Үлкен Токмак қаласындағы С.Киров атындағы №175 зауыты директоры болған Феодосий Компанец келді.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары Чапаев атындағы затондағы цехтар біртіндеп қаладағы өндіріс алаңына көшірілді. Оны 1944 жылы директор болып тағайындалған Иван Яблоков басқарды. 

Ал 1947 жылы 18 қазанда зауыт тұтқасын Петр Атоян ұстады. Ол осы қызметті 42 жыл бойы (зауыттағы жалпы еңбек өтілі – 63 жыл) біліктілікпен атқарды. 

Басқа наградаларын айтпағанда, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері П.Атоян (1915-2003) облыс орталығының өркендеп, дамуына да үлкен үлесін қосып, Орал қаласының құрметті азаматы атанды. Қазіргі кезде өзі салдырған ғимараттардың бірі – бұрынғы «Авангард» стадионы П.Атоянның есімімен аталады. 

1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай зауыт бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. «Зенит» зауыты – осындай марапатқа ие болған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 

1989 жылдан бері зауытқа осы кәсіпорында оған дейін жұмысшыдан бас конструкторлыққа дейінгі жолдан өткен Вячеслав Валиев жетекшілік етіп келеді.

Кәсіпорын 1966-1991 жылдары К.Е.Ворошилов атындағы машина жасау зауыты ретінде танымал болса, 1996 жылдан «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ға айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зауыт негізінен мемлекеттік қорғаныстық мақсаттағы тапсырыстарды орындап, кемелер мен катерлерді құрастыруға маманданды. 

Осы кезге дейін «Зенит» ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысымен Каспий теңізіндегі шекараны күзетуге арналған 30 кемені шығарып үлгерді. Зауытта су ығыстырылымы 550 тоннаға жететін кемені құрастыру көзделуде.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар