24 қыр, 2017 сағат 12:00

Жұматын ардақтаған жұмақ мекен

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық руханиятымызға тың серпін берді. Аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда біршама жұмыстар атқарылып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Туған жерге туын тіге келген көптеген азаматтар өз ауылдарында сәні мен салтанаты келіскен тағылымды тойларды көптеп өткізуде. Сол тойларда қазақтың ұлттық ат спорты насихатталып, жанданып жатқаны көңілімізді серпілтеді.

Балғын күйшілердің І республикалық «Күй-құдірет» жас домбырашылар конкурсы талай жастың талабын ұштады, жігерін жаныды. «Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт аттылар сапары күллі республикамызға үлгі болды. Жақында ғана «Туған жер» бағдарламасы аясында жарық көрген «Баян-жыр» Баянауыл ақындар антологиясынан туған топырағымызды жыр еткен ақын жүректердің лүпілі естіледі. Осындай игі істердің жалғасы болып, Баянауыл аудандық әкімдігінің ұсынысымен, «Туған жерім – Баянауыл» қорының ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Өңірімізде бұрын-соңды болмаған өнер додасын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» төрағасы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Жүрсін Ерман жүргізді.

Жұмат Шанин дүниеге келген Желтау Баянауыл ауданына қарасты кеңес заманында «Южный» деп аталған ауылдың маңында. Кейін кеңшарлар ыдырап, шаруашылық басқан уақытта «Южный» кеңшары  – Жұмат Шанин атындағы шаруашылық болып ауысты. Сөйтіп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, елдімекен Жұмат Шанин атын иеленіп шыға келді. 1993 жылы кеңшардың алғашқы іргетасының қаланғанына 30 жыл толуына орай ауылдың кіреберісіне өнер майталманының бейнесі салынған стелла орнатылды. Уақыт – заман  көшіне ілесіп, шаруашылық құлап, ауыл атауы қайта жойылған еді. Сөз сайысы өтер күннен сәл ғана бұрын ақ түйенің қарыны жарылып, тұңғыш режиссердің мерейтойы қарсаңында ауылға Жұмат Шаниннің есімі қайта берілді.

Айтыс басталар сәтте баянауылдық қауым тағы бір қуанышпен қауышты. Баянауыл ауданының өнері мен ғылымына, әдебиеті мен мәдениетіне, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына және экономикасы мен әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, еңбек сіңірген азаматтар «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Аталмыш жоғары марапатқа Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, айтыстың жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерман, «Баянауыл» несие серіктестігі» ЖШС-нің басқарма төрағасы Бағдат Әбенов, аудандық «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ардагер ұстаз Ғалия Әубәкірова, Қазақстан Республикасының Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин, «Батыс Инвест» ЖШС компаниясының бас директоры Смбат Микаелян, «Мұнай Тас» АҚ Солтүстік-батыс компаниясының бас директоры Хасен Солтанбаев сынды азаматтар ие болды. «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов табыстады.

Барша баянауылдық жырсүйер қауымды құттықтай келе, ақындарға сәттілік тілеген Оразгелді Әліғазы-ұлы: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы салт-дәстүрлерімізді, болмысымызды сақтауда ұлттық кодымыздың орны ерекше. Ұлттық кодымыз ғана біздің жанымыз бен жүрегіміздің құлпын аша алады. Ол ұлттық код тамыры тереңнен тартылатын ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізде. Төл өнерімізді түлетуімізде», - деді.

Құрметті марапатты алған Жүрсін Ерман: «80 жасқа толуына орай Елбасының қолынан «Еңбек Ері» алтын белгісін алған Асанәлі ағамыз: «Нұреке, басымыз әлі жас қой, бұл марапатты аванс деп қабылдайын. Әлі талай еңбек етемін», - деген еді. Мен де солай қабылдадым. Айтысты дамытудағы қырық жылғы еңбегімді ескеріп жатқан шығарсыздар. Қазақ жерінің иесізі бар шығар, бірақ киесізі жоқ. Баянауыл – қазақ жерінің қасиетті төрі», - деп алғысын білдіріп, айтыс ақындарын сахна төріне шақырды. Шұғыла нұрын төккен шуақты аймаққа, жыр-қанатына қуат байлап келген 16 ақын сөз сайысына түсті. Сөз салмағын таразылаған ақын, Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Баянауылдың құрметті азаматы Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында айтыстың ақтаңгері Дәулеткерей Кәпұлы, қоғам қайраткері, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының құрметті азаматы Қорабай Шәкіров, ақын, Жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Арман Қани, ақын, «Ақбеттау» әдеби-тарихи журналының бас редакторы Сайлау Байбосын, ақын, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Балтабай Сыздықов болды.

Көптен күткен сәт жетіп, шәрбат жырға сусап отырған халықтың қошеметінде шек болмады. Арқалық батырды тірілткен Жұматтың тойына Арқалықтан арқаланып келген Айбек Қалиев пен аузынан өлең бүріккен керекулік Қуанышбек Шарманов бірінші жұп болып сахна төріне көтерілген уақытта құрмет-қошемет тіптен үдей түсті. «Бұл жерге жыр арнамау мүмкін емес, тіліңді қоймаса егер Құдай байлап», - деген  Айбек Қалиев:

«...Бұл өлке қалай бағын аша алмайды?!

Шұрайлы жерінде өскен төрт түлігі,

Аяғын семіздіктен баса алмайды.

Баянды Алла жаратқан махаббатпен,

Мұндай жер енді ешқашан жасалмайды», - деп Баянауылды әспеттеп жырға қосты.     

«Ақбеттің асуында арқар ойнап,

Сабындыкөл самалға тербелетін...

Жұмыр басты пендеге арман шығар,

Жумаса Торайғырдай көлге бетін?!

Ескелдіні зиярат еткен жандар,

Ескен жел жұпарымен емделетін.

Біржанкөл бір көргеннен ғашық қылып,

Найзатас қиялыңа дем беретін.

...Мырзашоқы басына бір шықпасаң,

Жабығып мырза көңіл шерленетін.

...Алты құрлық әлемде жер бар ма екен,

Бармақтай Баянтауға тең келетін?!...» Қуаныш Шарманов та осындай сүбелі сөздерімен айтыстың көрігін қыздырды. Татымды сөз айтуға тырысқан қос ақын да жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.

Жұмақтың фәнидегі пұшпағындай болған Жұматтың ауылына келіп жыр төккен келесі жұп семейлік Рүстем Қайыртай мен керекулік Оңғар Қабденов те ерекше бабында екенін көрсетті. Әсіресе, Рүстемнің шымыр ұйқастары мен өткір тіркестері дүркін-дүркін шапалақ ұрғызды.

«...Ұлы мен қыздарынан намыс күткен,

Бақ қонған Баянтаудың маңдайына,

Алашшыл Жүсіпбектей арыс біткен.

Бұл өлке тұңғыштарды түлететін,

Қазағыма әйгілі таныс нүктем,

Мысалы қара жерге қолы тисе,

Әз жұрты әр ісінен табыс күткен.

Қазақтың маңдайына байлық бітсе,

Байлықтың маңдайына Қаныш біткен.

Тарихты қазып іздеп мәрт өрлікпен,

Меңгерген әдебиетті көркемдікпен.

Қазақтың маңдайына ғылым бітсе,

Ғылымның маңдайына Әлкей біткен.

Далада сахнаны алғаш құрап тіккен,

Жеті өнер бір басына бірақ біткен.

Қаллекей, Құрманбек пен Серкелерге,

Ұстаз боп осы күннен мұрат күткен.

Қазақтың маңдайына театр бітсе,

Театрдың маңдайына Жұмат біткен.

Түсірген әр киносын әсемдікпен,

Тың жолға түрен салған хас ерлікпен.

Қазақтың маңдайына кино бітсе,

Киноның маңдайына Шәкен біткен.

Осындай Баянтаудай ғұрыпты елсің,

Төсіңнен тектілерді өрбіткенсің.

Қазақтың маңдайына дала бітсе,

Даланың маңдайына сен біткенсің...», - деп өрілген поэзиялық көркемдігі жоғары, құнары мол шумақтар Рүстем ақында аз болмады. Ал, Баянның маңдайынан ұшқан бұлттар Алаштың таңдайына ән болып тамғанын дәлелдеуге барын салған Оңғар Қабденов болса, бірінші дүниежүзілік соғысты тілге тиек ете отыра, ауқымды мәселені сөз етті:

«...Сол кезде Жұмат Шанин окоп қазған,

Бұл да тың дерек еді жазып жүрер.

Ал, қазір бейбіт, тыныш заманада,

Адасты азаматтар азулы дер.

Сирияға бізден де кеткендер көп,

Ол жайлы мәліметтер әзір, білем.

Отанды қорғау үшін окоп емес,

Өзіне көр қазып жүр қазіргілер...»

Шаптан алмай шақтап сөйлеген қарағандылық Мақсат Ақанов пен семейлік Әсем Ережеқызы дәстүрлі «Қыз бен жігіт» айтысын жасап, көрерменнің көңілін баурады. Мақсат ақын Баян жерін мұнайдың күшіменен салынбайтын, құдайдың ЭКСПО-сына теңеді. Әсем болса, он бес жыл бойы қалыспай қарсылас болып, талай аламанда сөз салыстырып, ой жарыстырған серігіне: «Қайтара алмай жүрген кегің бар ма, айта алмай жүрген, әлде, сөзің бар ма?, - деп назданды.

Айтыстың төртінші жұбын құраған жас ақындар жерлесіміз Нұрқанат Қайрат пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан да ағаларының жолын лайықты жалғап келе жатқандықтарын дәлелдеді. Төрт жыл бұрын айтыстың үлкен сахнасына алғаш шыққан Нұрқанат осы Мейірбекпен айтысып, қанатқақты сөз сайысында шеберлігін танытқан болатын. Бір-бірін жақсы білетін қарсыластардың жолы Баянауылда тағы түйісті. «Ұмытпа тұсауыңды кім кескенін, кіндік кескен жеріңе келгеніңмен», - деп бастаған Мейірбекке ұтымды жауап қайырған Нұрқанаттың жалынды жыры жерлестерінің жүрегіне жол тапты:

«...Мейірбек, сәл кішкене шегіне тұр,

Елге кеп арқа-басым кеңіп отыр,

Тұлпарымды кеп тұрмын оздырғалы,

Сен оны шабысымнан көріп отыр.

Таңдаулы он алты ақын елге келіп,

Айтыстың керегесін керіп отыр.

Мықтылардың ішінде мен де жүрмін,

Алдымда тақым қысып елім отыр.

Ендеше, қуан, елім, Нұрқанатың...

...Қырандардың сапына еніп отыр.

Құлдыраңдап алдыңнан кеткен құлын,

Жүрсіннің жүйрігі боп келіп отыр...»

«Бір Жұматтың өмірін он алты ақын, бір жұма жырласа да тауыса алмайтынын» айтқан Нұрқанаттың сөзін жалғаған Мейірбек те қошеметсіз қалмады.

«...Туындысын аударып Шекспирдің,

Тәржімамен халыққа тәлім етті.

Пушкиннің де аударып шығармасын,

Сахнада өз ізін салып өтті.

Сахнада шындықты айту керек, -

деп әрқашан қолдаған әділетті.

Ал, бүгінгі қоғамға қарап тұрсаң,

Жанымды кей жағдайлар жанып өтті.

Тілім-тілім, тілім, - деп айғайлаған,

Сөзімнің сөлі қашып, мәні кетті...

Жұматтар шыныменен батыр екен,

Ерлігі елестеткен Жәнібекті.

Кеңестік кесір заман кезінде де,

Қазақшалап сайратқан «Гамлетті», - деп тілдің жайын ұтқырлықпен қозғады ол.

Жастардан кейін Жүрсін Ерман: «Баянауылдың бұлағай ақыны» деп шақырған Тілек Сейітов пен шымкенттік Қалижан Білдәшев сөз сайысына түсті. «Бір уыс топырағыңды да бермес едім, алтын әкеп берсе де ат басындай», - деп туған жердің намысын жыр етті Тілек.

Айтыстың алтыншы жұбы болған Мәрес Байрон мен «Қайыр хан қорғап кеткен дүр қаланың баласы» Дәурен Ақсақалов бесігінде тектілік іңгалаған жұртты жырға қосты.

Арқаның төріндегі алтын сарайды жыр еткен жетінші жұпты астаналық Еркебұлан Қайназаров пен алматылық Шұғайып Сезімхан құрады. Сөз барымтасын бастаған Еркебұлан:

«Театрды да оятқан – Жұмат Шанин,

Ұятыңды да оятқан – Жұмат Шанин.

Өреңді де сақтаған – Жұмат Шанин,

Өнерді де сақтаған – Жұмат Шанин.

Ал, қазір режиссермін деп жүргендер,

Бір-екі камераның бұрап сабын.

Екі актермен сериал түсіріп ап,

Жасап жүр студияны құрап шағын...

...Жұмат болу қайдағы, жмот болып,

Құлына айналып жүр қу ақшаның», - деп өнердің бағасын асыра жырлады. Өз кезегінде «Жезделеп» жыр өрген Шұғайып та шұрайлы тіркестерімен қошеметке бөленді. Оның Жұмат жайлы «Жиырмасыншы ғасырда бұл қазақты «Рухани жаңғыртып» кеткен адам», - дегені көптің есінде қалды.

Бірінші айналымды «Алтын домбыраның» иегері Аспанбек Шұғатаев пен Бұқар жырау жатқан жердің сәлемін ала келген Дидар Қамиев құраған жұп аяқтады.

«Құшағын домбыра алсам халқым ашқан,

Жырымның жарты жолы – жарты дастан.

Жүкеңнің домбырасын ұтып алып,

Атандым сол себептен алтын Аспан.

«Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса», -

деп айтқан жаяу Мұса, бабам Мұса.

Айтысты ауылына алып келген,

Жігіттер шамаң жетсе маған ұқса», - деп «Ақ сисаның» әуеніне салған Аспанбек ардақты жұрттың көңілін сілкіндіріп жіберді. Жұртының жолына түсіп, халқының қолына жаққан сақасы атанған Аспанбек ақын Баянауылдың бөлек бітімін өзгеше жырлады:

«...Аспанбегің сөйлесін,

Алдаспаннан тіл-жағы.

Аты өшкен бе жақсының?!

Ишан менен Мәшһүрің,

Құдайдың сүйген құлдары.

...Жарылғапберді сайраса,

Дала бұлбұлы тыңдады...

Қызылтау – жердің гүлзары,

Әжемнің жайған сырмағы.

Самалынан есетін

Кешегі Кәукен серінің,

Салған әнінің ырғағы.

Баянауылдың қыздары –

Баян сұлудай сырғалы,

Баянауылдың ұлдары –

Баян батырдай тұлғалы,

Баянауылддың құмдары –

баянды бақтың құндағы...»

Аспанбекке астарлы әзілдермен шымши тиісе сөйлеген Дидар, сөз мәнісін тереңдете түсіп, былай деді:

«...Сабынды жағасына келіп тұрып,

Сөйлейін есіл енші бөліп тұрып.

Баяным - Арқадағы сұлу өлке,

Айтайын жалпыңызға жөн ұқтырып.

Қызылтау, Желтау сынды тауларың бар,

Басына ақ бұлт киген бөрік қылып.

Құлазыған жаныңыз жадырайды,

Жасыбайдың айдынын көріп тұрып.

Айбын беріп тұрады осы ауылға,

Ақбеттау төбесінен төніп тұрып...

Аузын аша беретін айтысқанда,

Отырмын Аспанбекті серік қылып.

Бұл неге аузын аша береді? - деп,

Ойлаушы едім, езуін көбік қылып.

Аузын ашпай қайтеді бала жастан,

Осынша сұлулықты көріп тұрып...»

Төрт сағатқа созылған сөз сайысын тапжылмай тамашалаған халық әбден сусап қалыпты. Бірінші айналым аяқталып, бір сағат үзіліс жарияланды. Үзілістен кейінгі финалдық айтыстарды Дидар Қамиев пен Еркебұлан Қайназаров бастады.

«...Қазаққа мына бес күн жалған да өлең,

Қиял да өлең, және де арман да өлең.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең»,

Тілдессек ұлы Абайдай заңғарменен.

Ол өлең – беташар мен сыңсу, жоқтау,

бесік жыры емес пе аужар менен?!

Жұмат атам кезінде соның бәрін,

Ел аузынан жинапты талғамменен.

Кездесіп, ел жұртыма жеткіз, - депті,

Затаеевич секілді шалдарменен.

Содан бері қаншама заман өтті,

Кештер батып, алмасып таңдарменен.

Қанша қазақ бақиға кетіп жатыр,

Жұмат Шанин қалдырған зарлы әнменен.

Қанша қазақ үйленіп, өсіп жатыр,

Жұмат Шанин қалдырған «Жар-жарменен»...», - деп талғамды толғау айтқан Еркебұлан Қайназаровтың шабысы бөлек болды.

Ал, Айбек Қалиев пен Әсем Ережеқызы жасаған аға мен қарындастың айтысы да алқалы топтың алғысына бөленді.

«...Жырлауға Жұматыңды қайта келдік,

Бұл жерде тумайды екен осал адам.

Тараса Түркілігім Өр Алтайдан,

Басталар тектілігім осы арадан...», - деп жырлағын Әсем Ережеқызына Баянауылдық ақ әжелер бір емес, бірнеше мәрте гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті. Әсем Баянауылды «Қазақтың ғылыми астанасы» деп атады. Өзекті мәселелерді өткір қозғаған Айбек:

«...Жұматсыз сахнаның сәні кетіп,

Жағдайы күнен-күнге ауыр боп жүр.

Киноның да қиюы қашты бүгін,

Арқасы қамшы батпас қамыр боп жүр.

Режиссер біткеннің бар арманы,

Кинофестивальдерге бару боп жүр.

Қазақты масқара еткен киносымен,

Жеңімпаздың жүлдесін алу боп жүр.

Тұщынып көре-тұғын сериал да жоқ,

Шетелден сатып алу тәуір деп жүр.

...Қарагөз қыздарыңның түрі анау,

Түріктің жігіттерін «Жаным» деп жүр.

Баянауыл, тағы да бір толғатшы,

Өнеріміз өзіңсіз жауыр боп жүр.

Қазақтың киносы мен театры,

Жұмат пен Шәкендерге зәру боп жүр...», - дегенде көрерменнің шапалағы жауып кетті.

Финалдық бөлімнің соңғы жұбын құраған Аспанбек Шұғатаев пен Мақсат Ақанов тамаша сөз тартысына куә қылды. Шаппа-шап айтыста ағасына құрмет танытқан Аспанбек «Ағамның жолын кескенше, қолымды кескен мың артық», - деп жолын берді.

Тартысқа толы айтыс өз мәресіне жетіп, халықтың алқалауымен, қазылардың шешімімен жеңімпаздарын төрге шығарды. Жұртының жоқшысы, салтының сақшысы атанған ақындарды марапаттау рәсімі келіп жеткен кезде халықтың қошемет көрсетуінен қимастықтың дабысы естілгендей болды.

Бас жүлде иегері қарағандылық Мақсат Ақановты қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай мен Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов марапаттады. Жеңімпаз ақын 1 миллион 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Айтыстың бірінші орын жүлдесі Аспанбек Шұғатаевқа бұйырып, 1 миллион теңгені қанжығалады. Жерлесімізге сертификатты ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен «Туған жерім – Баянауыл» қорының атқарушы директоры Орал Сартаев табыстады. Екінші орын жүлдесі – 700 мың теңге астаналық Еркебұлан Қайназаровқа бұйырды. Жүлдені Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Ардақ Райымбеков пен Павлодар облысы және Баянауыл ауданының құрметті азаматы Қорабай Шәкіров тапсырды. Үшінші орынға және 500 мың теңгенің сертификаттарына қарағандылық Дидар Қамиев пен семейлік Әсем Ережеқызы ие болды. Бұл жүлдені ақын Арман Қани мен Сайлау Байбосын табыс етті. Ақын Балтабай Сыздықов сүбелі сөз сайысын көрсеткен он ақынды Алғыс хатпен марапаттады. Арқалықтың арқалы ақыны Айбек Қалиевті Жұмат Шаниннің ұрпақтары Жұмат Шанин атындағы арнайы жүлдемен марапаттады.

Көптен күткен айтыс көптің есінде көпке дейін сақталары анық.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл ауданы