05 қыр, 2019 сағат 16:18

Жүсіпбек Қорғасбек: Соңғы романымнан ептеген үмітім бар

Қысқа да нұсқа жазғым келеді. Өмірдің мысалынан алыстағым келмейді. «Шымыр жазайыншы, көлгірсіп кетпейінші» деймін. Жазып отырған сөздерім кейде өлеңге ұқсап кетеді. Осы Азия жазушыларының 1 форумы туралы жазып отырғанда қаламыма мынандай өлең шумағы оралды.

Бір-біріне қол созған…

Тіс қайраған,

Аң ақырса,

Бір жақта құс сайраған.

Құрлықтарды айтасың,

Құрлық түгіл,

Өзі тұрған қалаға ұқсайды адам.

Екінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен ағаларымызды «азиат» дейтін. Бүгінгі жиынға байланысты сол есіме түсіп тұр. Орхан Памук бір сұхбатында Түркия қазір мәдени жағынан шығыстан гөрі батысқа жақын деген ой айтады. Кейде батыс пен шығыстың ортасында теңселіп тұрған кемеге ұқсайды дейді.

Осыдан он-он бес жыл бұрын Гете институтының ұйымдастыруымен Германияда болдым. Сонда лауазымды адамнан: «Түркияның Еуроодаққа өту мүмкіншілігі қандай?» деп сұрадым. Ол: «Діні басқа, ділі басқа Түркия Еуроодаққа қалай өтеді?» деді. Ақыры соған келді.

Сол айтпақшы, біз ең алдымен қазақ жазушысы болып есептелеміз. Бірақ батыс елдеріне таралмасақ, танымал жазушы бола алмаймыз. Себебі Түркі әлемінде, Азия елдерінде батыстағыдай ірі халықаралық әдеби сыйлықтар жоқ.

Мо Ян мен Орхан Памук Нобель сыйлығының арқасында танымал болды. Осы форумнан сол екі жазушыны көреміз бе деп үміттенгенімізді жасырмаймыз. Себебі екеуі де жазушылықтың қыр-сыры туралы жиі айтады. Екеуінің шығармашылық туралы бір-біріне берген сұхбаты да бар. Олардың қоғамдық талқылаудан қорықпауы, қоғаммен ашық әңгімеге баруы үлгі аларлық нәрсе.

Мысалы, Орхан Памуктың «Қар» атты романы негізінен дискуссиялық шығарма. Қазіргі қоғам талқыны, дискуссияны жақсы көреді. Егер ондай қадамға бармасаң, позицияңды беріп қоясың.

Мен «Өнер» деген әңгіме жаздым. Ішінде аздаған интригасы және бүгінгі заманның сауалдары бар. Өнер белгілі жазушының алдына бойжеткен қыз бейнесінде келеді.

Көлемі алты-ақ беттік осы әңгімені Қазақстандағы белгілі үш-төрт сайт көшіріп басты. «Кітап.kz» сайтында жылдың үздік әңгімесі атанды. «Абай.kz» порталында редакция таңдауының қатарына кірді. Сонымен бірге Ұлттық аударма бюросының ұйымдастыруымен алты тілге аударылды. Қызыққан әдебиетшілер болса, сонан тауып оқуына болады.  

Оған қоса бір жылда жеті әдеби эссе жаздым. «Тораңғы және Тұрсынжан», «Аңыз Шерхан», «Аңыз Мұхтар Мағауин» сияқты эсселерімді газет-журналдар мен сайттар бірінен бірі алып көшіріп басты. Бір сөзбен айтқанда әдеби сын тоқыраған кезде, әлеуметтік желі өлшем болып тұр.

Сайтта модаға айнала бастағандар да бар. Кеше ғана осылардың бірі туралы: «Жазушы Қуандық Шамахайұлы жиі жазады. Оның өз оқырманы бар. Халық жақсы қабылдайды. Үлкен пікірталас болады», – деген комментарий оқыдым.

Сөзімнің басында айтқанымдай, әдебиетте осылай дискуссиялық мәселелерді де көтеруге болады. Онда көтерілген мәселелер басқадан гөрі тұщымды жазылады. Әрі адамның ішкі мәдениетін қалыптастыруға да жақсы.

Осы ыңғайда бір әңгіме айтқым келіп тұр. Бір қарағанда жаман жазушы емеспіз. Бұдан да жақсы жаза түссек деп тыраштанамыз. Соңғы жылдары түрегеп тұрып жазуды әдетке айналдырдым. Жұмыс кабинетіме соған ыңғайлы мінбе сатып алдым.

Үйде де терезенің алдында тұрып жазғанды жақсы көрем. Мұны шығармашылық адамының жазуға деген адалдығынан деп білем. Қалам қалғып кетпеуі керек деп ойлаймын. Осындай жазушының жазғаны керек пе, керек емес пе?

Жақында бір жақсы досыма ілесіп, қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мұражайына бардым. Түрегеп тұрып жазатын жазу үстелін сол жерде көрдім. Елу-алпыс жыл бұрын қолдан жасатқан екен. Шынтағымды тіреп, жағымды таянып тұрып суретке түстім. Сонда ойыма не келді?

Егер оның «Этнографиялық әңгімесі» бүгін жазылса, әлеуметтік желі басқаның бәрін ұмытып, соны талқылар еді. Бұл әңгіме қазақ қоғамындағы басқалар жабық тақырып деп есептейтін мәселені ашық талқыға алып шығуымен құнды. Ондағы интрига кеңес заманында да, тәуелсіздік алғаннан кейін де, нақ бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.

Үлкен суреткердің қаламына іліккен сол мәселе өткенде тағы көтерілді. Бірақ оны көлденең біреу фейсбукқа сүйкей салды. «Біздің руымыз мықты еді, басқа рулармен қыз алысып, қыз берісіп, дәрежеміз түсіп қалды», – депті.   

«Интеллект төмендегенде, рухани иммунитет те әлсірейді» деген рас екен. Әлеуметтік желі соны біраз күн азық қылды. «Солар Ғабеңнің «Этнографиялық әңгімесін» оқымаған-ау, оқыса өздері де ұялар еді», – деп ойладым.

Қазір ұлттарды қойып, құрлықтар арасында үнсіз бәсекелер мен текетірестер жүріп жатыр. Маған сол бәсеке әдебиетте де бар сияқты көрінеді. Ұлы державалық әдебиет ұлттық әдебиетті мысымен басып тұр.

Біз сол үлкен әдебиеттердің стандарттарын қабылдауымыз керек тәрізді. Мәселен, шығыс ежелден миниатюраға жақын. Роман деген оқырманды тартып тұратын магиялық құдіреті бар жанрды алып қараңызшы. Қазір романның көлемі сақталмайтын болды, ендеше неге романға қойылатын шарттар сақталуы керек.

Романды дәуір сипатын береді деп ауырлатудың қажеті қанша. Оған дәуірдің жүгін арқалатып неғыламыз. Мен жоғарыда көлемі алты-ақ беттік әңгіме жаздым дедім. Сол сияқты көлемі жетпіс-ақ беттік тағы бір роман жазып шықтым. Біз шығыстың үлгісімен жазсақ, сыншылар бізді батыстың үлгісімен талдайды. Міне, қорлық!

Әдебиетті біраз танып қалдық қой. Осы соңғы романымнан ептеген үмітім бар. Бірақ әзірше жариялағым келмей отыр. Себебі, бүгінгі күні еңбегің ақталатын бірден бір жол әдеби конкурстар ғана.

Сонда біреу «әй, мына бір роман жақсы екен» десе, екіншілерінің «көлемі қысқа екен, осындай да роман бола ма?» дейтінін ішім сезеді. Алайда оның ішіне түрлі линияларды қосып, көлемін ұлғайтқым келмейді. Романды дискуссияға құру, сол арқылы ішкі тегеурінін арттыру жанрды сақтап қалудың бірден бір жолы, әрі-беріден соң.

Бүгінгі заман қай жағынан алып қарасаңыз да интриганың заманы болып тұр. Біз бастан өткеріп жатқан күндерде романға лайықты күшті интригалар мен персонаждар бар. Жазушы оны ала салып, жаза салмайды.

Әдебиетке де кешенді түрде жұмыс істеудің жолдарын әкелу керек. Арнайы тақырыптарға кино түсіру үшін алдын ала қаржы бөлінеді. Ал кітап жазуға алдын ала қаржы бөлінгенін естіген емеспін. Қазақтың меценаты Маман Тұрысбеков осыдан жүз жыл бұрын: «Роман жаз, роман жазсаң осынша ақша беремін» депті.

Әдебиет өндіріс ретінде кімдерге жұмыс істейді? Ақыл-ойға ақша төленетін заманда, әдебиетке неге ақша төленбейді? Ұлтты қойып, Азия деген алып құрлықтың өз философиясы сақтала ма? Біздің бүгінгі, ертеңгі болмысымыз қандай болмақшы?

Жеке мысалмен айтсам, осымен менің үш бірдей шығармам бойынша көркем фильм түсіріліп отыр. Одан басқа жетістіктерімді жоғарыда айттым. Қазір қазақ әдебиетінде мен сияқты еңбек етіп жатқандар жоқ емес. Алайда олардың еңбегі көп көріне бермейді. Өз ішімізде ғана бір-бірімізді танимыз. Сыртқа шыға алмай жатырмыз.

Тереземнің алдында тікемнен тік жазу жазып тұрып күндіз-түні ойланатыным осы. Меніңше, бүгінгі өтіп жатқан форумның басты бір мақсаты да осы болуы керек. Бір-бірімізді қолдайық, ортақ оқырманымызды көбейтейік, шығармаларымыздың насихатын бірлесіп жүргізейік, үлкен әдеби сыйлықтар белгілейік дегім келеді.

zhasalash.kz