Фото: iStok.com
Мемлекеттік кірістер комитеті табысын төмендеткен блогерлерге хабарлама жібере бастады, деп хабарлайды Ult.kz.
"Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерде ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша 594 тұлғаның табысында 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздік анықталды. Оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заң бұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді", — делінген хабарламада.
Осы орайда мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерін толық орындау мақсатында блогерлер мен жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты негізде жүргізілетінін хабарлап отыр.
"Бақылау шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара жұмыс істейді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есебін тапсырады, ал хабарламамен келіспеген жағдайда себебін түсіндіру қажет", — дейді кірістер комитетінен.
Осылайша табысын жасырған блогерлерге салық мәселесін шешуге 30 күн берілді.
"Табыс алу кезінде салықтарды төлеу қажеттілігіне, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстарында онлайн-жарнамаларды жариялауға (үйрету, сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т. б.) назар аударамыз. Аталған міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясында және Салық кодексінде белгіленген", — деп толықтырылған хабарлама.
Бұған дейін блогер Әлішер Елікбаев та салық комитетінен хабарлама алғанын жазған.