26 шіл, 2021 сағат 09:21

6721 науқас, 90 адам өлімі. Елде вирус күшейді


25 шілдеде Қазақстанда 6637 адамның анализінен коронавирус анықталды. Елде коронавирус көрсеткіші үздіксіз өсіп жатыр. Бір күн бұрын 6631 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Былтырдан бері бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. 

Елде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де жоғары. Екі күн бұрын 90 адам Covid-тен қайтыс болған: 70 адам – коронавирустан, 20 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған. 

Елде вирус күшейді. Ресми мәлімет бойынша, маусым айымен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында коронавирус жұқтырғандар 4,8 есе өскен. Билік вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантымен байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам тарайды, аурудың асқынуы да тез. 

Індет әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысында өршіген. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1510 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 1219, Қарағанды облысында – 781, Шымкентте 520 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар 500-ге жетпейді. 25 шілдеде ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (133) тіркелді.

Індет басталғалы бері 535 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан. 24 шілдеде 84 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5452 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3625 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды. 

26 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 83 084 адам коронавирус инфекциясынан (81 077 КВИ+ және 2007 КВИ-) емделіп жатыр.

Емделіп жатқандардың ішінде 23 868 пациент стационарда, 59 216 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 1444 адамның жағдайы ауыр,

• 304 пациенттің жағдайы өте ауыр,

• 183 науқас жасанды тыны алу аппаратында аппаратында жатыр.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,1 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,2 миллионнан асты.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.