11 мам, 2022 сағат 16:40

8-қабаттан қызды қағып алған ер адамға блогер үй алып бермек

коллаж: Tengrinews.kz

Нұр-Сұлтанда 8-қабаттан қызды қағып алған ер адамға блогер Дәулет Төлеутайұлы (Dauletten) Қызылордадан үй алып бермек, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Өз өмірін қатерге тігіп, кішкентай қызды құтқарған 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев 4 баланың әкесі. Қызылордада 14 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. 

"Сәбиттің туған жері - Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Қазір бала-шағасы, әйелі Қызылордада 14 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Өз үйлері жоқ. Бұйырса біз үй алып береміз", - деді блогер. 

Қазір блогер @batyr_bloger өз оқырмандарымен Сәбиттің 450 мың теңге қарызын жауып беруге ақша жинап жатыр.

"Сәбит 15 күн бұрын ғана жұмыс іздеп астанаға келген. Келіншегі, бала-шағасы Қызылордада қалған. Төрт баласы бар. Басында баспанасы жоқ. Осында жігіттермен пәтер жалдап тұрып жатыр. Каспийім арестте дейді. 450 мың қарызы бар екен", - деп жазған ол Instagram-дағы парақшасында.

Еске салайық, оқиға Нұр-Сұлтанда болған. Ер адам 8-қабаттың терезесінен құлай жаздаған қызды құтқарып қалды.