08 там, 2016 сағат 17:10

Әбілқайыр хан зираты құрылысынан пайда көрмек болған шенеунік бас бостандығынан айырылды

- Ақтөбе қаласының №2 сотында ҚР ҚК-нің 366 бабының 2 бөлігімен айыпталған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры М.Ж. Мұстафаға қатысты қылмыстық ісі қаралып аяқталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметі.  

Сот үкімі бойынша М.  Мұстафа мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаға теңестiрiлген адам бола тұра,   Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы "Хан моласы" қорымындағы Әбілқайыр хан мемориалды кешені құрылысына қатысты жүргізілген сот сараптамасын «АйнӘД» ЖШС-нің пайдасына шешу үшін  2016 жылы 6 ақпанда  Ақтөбе қаласындағы «Бочонок» дәмханасында, алдын  ала келісілген уәдеге сәйкес,  айтарлықтай мөлшерде - 500 000 /бес жүз мың/ теңге көлемінде параны жеке өзі алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен ұсталған.

Сот жаза тағайындау кезінде М.Мұстафаның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағанын, жанұялық жағдайын, оң мінезделетінін ескерген. Сотталушының жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар сотта анықталмаған.

Сонымен қатар сот М.Мұстафаның мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаға теңестiрiлген адам бола тұра, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасағанын ескерді.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды, сонымен қатар ҚР ҚК-нің 55 бабының 2 бөлігіне сәйкес жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзiмiнiң үштен екiсiнен аспауы тиіс (яғни 4 жыл 8 айдан аспауы тиіс) талабын ескере отыра,  8 тамыз 2016 жылғы сот үкімімен М.Ж.Мұстафа ҚР ҚК-нің 366 бабының 2 бөлігімен мүлкі тәркіленіп, жауапты мемлекеттiк лауазым атқару және мемлекеттік мекемеде қызмет істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 4 жыл 8 айға  бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"ҚазАқпарат"