01 сәу, 2022 сағат 16:50

Адам жегіш Жұмағалиев туралы фильм жарық көрді


Адам жегіш Николай Жұмағалиев туралы «Үш» атты фильм көрерменге жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильмнің режиссері - Руслан Пак. Ол Оңтүстік Кореяда тұрады. «Үш» - оның Қазақстанда түсіргісі келген екінші толықметражды фильмі. 

«Мен бала күнімде фильмдегі басты кейіпкер маньяк Жұмағалиев туралы жиі естідім. Жақында мен осы қылмыскерді ұстау операциясын басқарған адамды кездестірдім. Мен одан көптеген жаға ұстарлық мәліметтерді естіп, білдім. Бұл кинематографиялық оқиға екенін түсіндім», - деді Руслан Пак. 

Туындыда тұтас Кеңес үкіметін үрей құшағында ұстаған қанішердің жаға ұстатар қылмыстары көрсетіледі. Тіпті авторлар жұртты дүр сілкіндірген істің ел біле бермейтін деректерін де туындыға қосқан. Фильмнің сценариі 80-жылдары болған жантүршіктірер оқиғаларға негізделген. 

Туындыда милицияның арнайы бөлімшесіне тәжірбиеден өтуге келген Садықовтың өмірі баяндалады. Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ жас тергеуші қанды қылмыстарды ашумен айналысатын топқа ілесіп, бұрын-соңды көрмеген сұмдықтардың куә болады. 

«Фильмде өрімдей қыздардың жанын алып, қанын ішіп, етін жеген атышулы Николай Жұмағалиевтің қылмыстары көрсетіледі. Тәртіп сақшылары үйін тінту кезінде бөлшектелген адамдардың мәйітін табады. Алайда қаныпезердің өзі қашып құтылып кетеді. Маньяктың келесі құрбаны – Садықовтың үлкен әпкесі болады. Садықов үшін маньякты ұстау қызметтік парызы ғана емес, жеке кек алуға айналады», - дейді режиссер. 

Фильмде басты рөлдерді Асқар Ілиясов, Самал Еслямова, Ержан Түсіпов, Нұржан Садыбеков және ресейлік актер Игорь Савочкин сомдайды.

«Мен актерлердің бейнесіне қарап, іріктеуден өткіздім. Олармен көрісіп, сөйлесіп, кімнің қандай образға сай келетініне байланысты таңдадым. Біз фильмді бір айдың ішінде 24 түсірілім күнінде бітірдік. Мұндай үлкен көлемдегі туындыға бұл өте аз уақыт. Себебі, түсірілім тобы үйлесімді жұмыс істеп, барлығы жеңіл түсірілді», – дейді фильмнің режиссері Руслан Пак. 

Фильм осыдан үш жыл бұрын Алматыда түсіріліп, бір жылдан кейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталды. 

Қазақстандағы премьерадан кейін «Үш» фильмі Кореяда кең прокатқа шығады.